Шымкентте көше тазалайтын арнайы техниканың жүргізушілері жұмысқа шығудан бас тартты. Олар басшылықтың жұмысшыларға жасаған қысымына наразылық білдіруде деп хабарлайды Ertenmedia.kz КТК арнасына сілтеп.
Жұмысшылардың айтуынша, басшылық еңбек шарттарын бұзып, оларды күндіз-түні демалыссыз жұмыс істеуге мәжбүрлеген. Ал қосымша істеген жұмыс сағаттарына жалақы төленбеген. Сонымен қатар жүргізушілер техниканы жөндеу мен қажетті қосалқы бөлшектерді өз ақшаларына сатып алатынын айтты.
«Жұмыс кестеміз таңғы 9-дан кешкі 6-ға дейін белгіленген. Бірақ біз кейде кешкі сағат 9, 10, тіпті түнгі 2-ге дейін жұмыс істейміз. Кейбір әріптестер таңғы 4-ке дейін көше тазалаған кездері болды. Осы еңбегіміз үшін бір тиын да артық төлемейді. Жексенбіде де жұмысқа шығуға мәжбүрлейді. Келіспесең, жұмыстан шығарып жібереміз деп қорқытады», – дейді жүргізуші Бақытжан Төлеев.
Жұмысшылар басшысының дөрекілігіне де шағымданды.
«Адамдармен дұрыс сөйлесе алмайды. Қарапайым адами қарым-қатынас жоқ. Ел президентінің жарлығы да, мүгедектердің құқықтары да қорғалмайды. Оның Қазақстан заңдарын сыйлайтын түрі жоқ», – дейді жұмысшылардың бірі Қарлығаш Дербесова.
Басшының уәжі қандай?
Қараша айынан бастап мекемені басқарып келе жатқан директор Нұржан Төлебеков шағымдарды жоққа шығарып отыр. Оның айтуынша, жүргізушілердің өз қаражатына қосалқы бөлшек алу туралы мәлімдемелері шындыққа жанаспайды.
«Жұмысшылар өз ақшаларына ештеңе сатып алмайды. Оларды ешкім мәжбүрлемейді. Бұл тек түсініспеушіліктен туындаған жағдай. Бөлім басшысы жұмысшыларға алты күндік жұмыс аптасына көшетінімізді дұрыс түсіндірмеген», – деп ақталды «Еңбекші» КММ директоры.
Жұмысшылар мәселені жоғары деңгейде шешуді талап етіп, қала әкімін шақыруды сұрады. Бірақ әкімнің орнына оның орынбасары келгенімен, дау-дамай басылмады. Ақыры жұмыстан қуылу қаупімен бірқатар жұмысшы қайта жұмысқа шықты. Бірақ қазір 180 жүргізуші өз мекемесін прокуратура мен еңбек инспекциясы тексерсін деп талап қойып отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







