Шымкенттегі студент қыздың өлімінен кейін полиция департаментінің бастығы мен оның бірінші орынбасары қызметтен қуылды деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Қоғамды дүрліктірген қанды оқиғадан соң қалалық полиция басшысы Нұрлан Алмасбеков пен оның бірінші орынбасары Құрманбек Сахов лауазымынан босатылды. Сондай-ақ, тағы бір топ лауазымды тұлғалар да ішкі істер органдарынан аластатылды.
Шымкент қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі ақпаратты ресми түрде растап отыр.
«Қызметтік тексеріс жүргізіліп, қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша өз міндетін тиісті деңгейде орындамағаны үшін Шымкент қалалық полиция департаментінің бастығы мен оның бірінші орынбасары қызметінен босатылды. Сонымен бірге, бірқатар жауапты тұлғалар ішкі істер органдарынан шығарылды», – делінген мәлімдемеде.
Қазіргі уақытта Ішкі істер министрлігінің өзіндік қауіпсіздік департаменті Қаратау аудандық полиция басқармасы қызметкерлерінің әрекетіне қатысты сотқа дейінгі тергеуді бастады.
Марқұмның жақындары бойжеткенді күдіктінің ұзақ уақыт бойы аңдығанын айтып, полицияға бірнеше рет шағымданғанымен, олардың жанайқайы ескерусіз қалған.
«Қылмыстық іс аясында полиция қызметкерлерінің отбасының шағымына қаншалықты мұқият әрі уақтылы ден қойғаны түгелдей тексеріледі. Қорытынды бойынша лауазымды тұлғалардың іс-әрекетіне құқықтық баға беріліп, кінәлілер жауапқа тартылады», – деп мәлімдеді департамент өкілдері.
Министрлік тергеу толық әрі объективті жүруі үшін тәжірибелі мамандардан құралған арнайы жедел-тергеу тобын жасақтады.
Контекст
Еске сала кетсек, президент бүгін Ұлттық құрылтайда сөз сөйлеп, Нұрай Серікбайдың өліміне салғырт қараған Шымкент полициясының жұмысына қатаң баға беруді талап еткен.
Мемлекет басшысы осы істі жеке бақылауына алатынын мәлімдеген болатын.
«Қызды қасақана аңдып, қорқытып, еркін өмір сүруіне мүмкіндік бермеген. Соңы осындай қасіретке ұласты. Сондықтан Ішкі істерге Шымкент қалалық полиция департаментінің әрекетіне құқықтық тұрғыдан нақты баға беруді тапсырдым», – деді Президент.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

