Шымкентте биыл жұмысқа орналасу мен әлеуметтік қолдау бағыты бойынша бірқатар нақты нәтиже тіркелді. Бұл тураcында қала әкімі Ғабит Сыздықбеков Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімет берді. Оның сөзінше, негізгі басымдық тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтамасыз ету, жәрдемақыға тәуелділікті азайту және еңбекақы деңгейін біртіндеп көтеру, деп жазады Ertenmedia.kz.
Ресми дерек бойынша, жыл басынан бері Шымкентте шамамен 34 мың адам тұрақты жұмысқа орналасқан. Бұл ретте еңбек шарты бар, ай сайын тұрақты жалақы төленетін жұмыс орындары туралы сөз болып тұр.
Ал түрлі жұмыспен қамту бағдарламаларына, қысқа мерзімді жобаларға, қоғамдық жұмыстарға және кәсіптік оқытуға тартылғандар саны 46 мыңнан асады. Бұл қалада еңбекке араласуға мүмкіндік алған адамдардың ауқымы кеңейгенін көрсетеді. Әкім осының әлеуметтік көмекте де көрініс тапқанын атап өтті:
– Инвестиция тарту және өндіріс орындарын ашу азаматтарға тұрақты табыс табуға мүмкіндік беріп отыр. Биыл шамамен 34 мың адам тұрақты жұмысқа орналасты, ал жұмыспен қамту шараларына 46 мыңнан астам адам қатысты. Соның нәтижесінде атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны айтарлықтай қысқарып, жұмыссыздық деңгейі төмендеді, – деді Ғабит Сыздықбеков.
Сандарға қарасақ, 2023 жылы Шымкентте атаулы әлеуметтік көмек (АСП) алғандар қатарында 12 725 отбасы болған. Қазір мұндай қолдауға мұқтаж отбасы саны 1 800-ге дейін азайған. Яғни, он есе дерлік қысқарған. Бұл жерде «адамдар кедейленіп қалды, бірақ көмек азайып жатыр» деген емес, керісінше көбі жәрдемақыдан жұмысқа ауысқанын көрсететін индикатор ретінде беріліп отыр. АСП алушының азаюы табыс тапқандардың көбейгенін, еңбек нарығына шығу мүмкіндігінің артқанын білдіреді деген түсіндірме жасалды.

Жұмыссыздық деңгейі де аздап болса да төмендеген. Ресми мәлімет бойынша, қазір Шымкентте жұмыссыздық 4,7 пайыз деңгейінде. 2024 жылы бұл көрсеткіш 4,8 пайыз болған. Бір қарағанда айырмашылық үлкен емес сияқты көрінуі мүмкін, бірақ мыңдаған адамға шаққанда бұл да сезілетін көрсеткіш. Ең бастысы динамика төмендеу бағытында, яғни еңбекке қабілетті халықтың көбірек бөлігінің жұмысқа тартылып жатқанын аңғартады.
Қалада төмен жалақы алатын қызметкерлерге қосымша үстемақы төлеу тетігі де қарастырылған. Әкімдіктің мәліметінше, осы мақсатқа жергілікті бюджеттен 11 млрд теңге бөлінген. Бұл қаражат еңбекақысы төмен санаттағы жұмысшылардың табысын аздап болса да көтеруге бағытталған. Жалақыны көтеру тек жеке кәсіпорынның немесе бір мекеменің емес, жалпы өңір саясатының бөлігі ретінде қарастырылып отыр.
Орташа жалақыға келсек, Шымкент өңірінде еңбекақы мөлшері 10 пайызға өсіп, 334 мың теңгеге жеткен. Орта жалақыдан бөлек, медианалық жалақы да жарияланды. Ол 273,9 мың теңге. Медиана – халықтың жартысы осы сомадан төмен, жартысы жоғары жалақы алатынын көрсететін көрсеткіш. Яғни орташа жалақы жоғарырақ көрінгенімен, шындыққа жақын суретті медианалық жалақы жақсырақ ашады. Бұл цифрлар қаладағы табыс құрылымын түсінуге мүмкіндік береді.
Жалпы алғанда, Шымкент әкімдігінің есебі бірнеше негізгі үрдісті көрсетіп отыр: тұрақты жұмыс орындарының көбеюі, жұмыспен қамту бағдарламаларына қатысушылардың артуы, атаулы әлеуметтік көмекті қажет ететін отбасылар санының қысқаруы, жұмыссыздық деңгейінің төмендеуі және жалақының біртіндеп өсуі.
Әрине, бұл көрсеткіштердің бәрі бір күнде пайда болған жоқ. Инвестиция тарту, жаңа өндірістер ашу, шағын және орта бизнесті қолдау, инфрақұрылымдық жобалар – бәрі қосылғанда еңбек нарығына әсер етіп отыр. Қарапайым қала тұрғыны үшін бұл статистика емес, тұрақты жұмыс табу, ай сайынғы табысты жоспарлау, әлеуметтік жәрдемақыға ғана қарап отырмау мүмкіндігі деген сөз. Енді алдағы кезеңде осы бағытты сақтап, жалақы сапасын, жұмыс орындарының тұрақтылығын және әлеуметтік қолдау тетіктерінің әділдігін қамтамасыз ету маңызды болмақ.

