Шымкентте былтыр бюджеттен миллиондап қаржы бөлініп, қаланы жасыл желекке айналдырады деген көшеттер бір-ақ жылдың ішінде солып, жарамсыз күйге түскен.
Күтімі жоқ ағаштардың қурап жатқаны тұрғындардың наразылығын туғызып жатыр, деп хабарлайды Ertenmedia 31-арнаның «Информбюро» бағдарламасына сілтеме жасап.
Қаладағы Әл-Фараби көшесіне былтыр егілген 8 мың түп көшеттің бірде-бірі бүр жармаған. Жасыл желектің орнына тек қураған тал-теректердің сабағы қалған.
Қоғам белсендісі Сабыржан Байбосынов бұл жағдайды қаржыны желге шашу деп бағалады:
«Қазір ағаш қурайтын уақыт емес. Бірақ егілген көшеттер күтім көрмей, бір жылдан қалмай құрып жатыр. Осылай жалғаса берсе, Шымкенттің көгалдандыру жұмысын мүлде тоқтату керек. Миллиондаған қаражатты көшет егуге бөліп, соған жауапты мекемелер түк істемей отыр».
Тек жас көшеттер ғана емес, Шымкенттің символына айналған жүз жылдық ағаштардың өзі де күтімсіз қалып, жапырақтары сарғайып, бұтақтары сынып, құлаудың аз-ақ алдында тұр екен. Қазір қалада 500-ге жуық шынар ағашы ауруға шалдыққан.
Жайлы ортаны дамыту басқармасының өкілдері ағаштардың жаппай қурап жатқанын жасырмады. Бас маман Айдос Қуанышевтің айтуынша, көшеттер қаланың топырағына үйренісе алмай, жерсінбей қалған.
«Мамандармен бірге мониторинг жүргіздік, шын мәнінде ағаштар қурап жатыр. Бірақ көшеттерді отырғызған мекеме күзде кепілдік бойынша оларды қайта егетін болады», – дейді басқарма өкілі.
Қоғамда шу көтерілсе де, биыл Шымкент әкімдігі көгалдандыру жұмыстарын тоқтатпақ емес. Керісінше, осы мақсатқа бюджеттен тағы да 1 миллиард теңге бөлініп, қалаға 200 мың түп ағаш егілмекші.
Қала жұртының ендігі алаңы тағы да егілген көшеттердің қурап қалмауы.