Шымкенттің бас сәулетшісі Арман Әбдешовтің ұсталуы әкім орынбасары Руслан Берденовтің атышулы мәлімдемесімен байланысты емес деп хабарлайды Ertenmedia дереккөзі.
Сайтымызға жеткен инсайдқа сәйкес, Әбдешовтың үстінен қозғалған қылмыстық іс оның бұған дейінгі қызметіне Жамбыл облысындағы жұмыс кезеңіне қатысты.
Арман Әбдешов 2020-2022 жылдары Жамбыл облысы әкімдігінің сәулет және қала құрылысы басқармасын басқарған. Дәл сол кезеңде жасалған ықтимал заңсыздықтар енді ғана анықталып, қазіргі тергеуге негіз болып отыр.
Бұған дейінгі хабарымызда Берденовтің жиналыстарда басқарма басшыларын Антикор және экономикалық тергеу қызметінің тексерісімен қорқытып келгенін жазған едік.
Күні кеше ғана қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің көмекшісі сотта куәлік етіп, Берденовтің әр басқосуды тексеріс туралы қатаң ескертуден бастайтынын айтқан болатын.
«Берденов әр жиналыста «антикор мен экономикалық тергеуді барлықтарыңызға жіберемін» деп үнемі қайталап, үрей туғызатын», – деген еді куәгер.
Осы мәлімдемеден кейін қоғамда Әбдешовтің ұсталуын Берденовтің тексеріс жайлы сөздерімен байланыстыратын болжам тараған.
Алайда, арнамыздың сенімді дереккөзі мұны толықтай жоққа шығарып отыр. Оның айтуынша екі оқиға тек уақыт жағынан ғана сәйкес келген, іс жүзінде ешқандай байланыс жоқ.
Айта кетейік, КНБ Шымкент қаласы сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Арман Әбдешовті жұмыс орнында ұстаған болатын. Шенеунік Қылмыстық кодекстің 189-бабы («Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену немесе талан-таражға салу») бойынша айыпталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған.