Шымкентте ауыз су, электр энергиясы және табиғи газбен қамту көрсеткіштері соңғы уақытта айтарлықтай жақсарған. Бұл туралы қала әкімі Ғабит Сыздықбеков Астандағы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте айтты. Оның сөзінше, биыл бірқатар шағынауданда инфрақұрылым жүйелері тартылады, бұрын орталық жүйеге қосылмаған тұрғындар кезең-кезеңімен қажетті қызметке қол жеткізіп жатыр, деп жазады Ertenmedia.kz.
Ресми мәліметке сай, биыл «Қызылжар-2», «Ақжайық» және «Тұран» шағынаудандарында шамамен 11 мың адам орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған. Бұған дейін бұл аумақтарда суды тасып пайдалану, немесе уақытпен ғана беру сияқты мәселе болған.
Енді жаңа желілер тартылып, үйлерге тұрақты су келетін жағдай жасалған. Сонымен қатар демеушілердің қаражаты есебінен Текесу және Айкөл елді мекендеріне 32 шақырым су құбыры жүргізіліп, олар да орталық жүйеге қосылды. Бұл – бюджеттен тыс қаражатты пайдалана отырып, ауылдық аймақтардың жағдайын жақсартуға жасалған қадам.
Электрмен қамту бойынша да биыл қосылғандар аз емес. Әкімнің айтуынша:
– Электрмен қамту аясында биыл шамамен 13 мың адам сапалы электр энергиясына қосылды. «Ақжар» қосалқы станциясы пайдалануға берілді, ал «Қазығұрт» қосалқы станциясының қуатын арттыру шамамен 40 мың тұтынушы мен өндірістік нысандарды үзіліссіз электрмен қамтуға мүмкіндік берді. Газбен қамту жүйесіне шамамен 25 мың тұрғын қосылды. Нәтижесінде қала тұрғындарының 99,9 пайызы ауыз сумен, 100 пайызы электрмен, 98 пайызы табиғи газбен қамтамасыз етілген, – деді Ғабит Сыздықбеков.
Қазір Шымкентте ауыз суға қол жеткізе алмаған тұрғын өте аз, электр жарығы бойынша қамту толық, ал газдандырылмаған аймақтар да біртіндеп қысқарып келеді. Бұдан күнделікті өмірде ыңғайлылықтың артуын, пеш жағу, көмір тасу сияқты жұмыстардың азаюы, коммуналдық қызметтің бірізділікке түскенін байқаймыз.
Қаладағы су құбырлары желісін тұрғындардың игілігіне жұмыс істеп тұр. Осы мақсатта «Пергам» деп аталатын жылжымалы қондырғы қолданылған. Соның көмегімен 107 шақырымдық құбыр бойында 67 ақау анықталып, дер кезінде жөнделген. Мұндай тексерулер жасырын су кетулерді, қысымның төмендеуін, апаттың алдын алуға көмектеседі. Уақытында жөнделген ақау кейін үлкен шығынға әкелетін апаттың алдын алуы мүмкін.
Жылумен қамту саласында да жаңа тәсілдер қолданылып жатыр. Қала әкімдігінің мәліметінше, жылу құбырларының 2,3 шақырымы акустикалық резонанс және жасанды интеллект технологиясын пайдалана отырып диагностикадан өткізілген.
Бұл әдіс құбырдың қай жерінде әлсіздік немесе зақым барын алдын ала анықтауға мүмкіндік береді. Есеп бойынша, осындай тәсіл жөндеу шығындарын 75 пайызға дейін үнемдеуге жол ашқанын айта кетуіміз керек. Осылайша қалдағы коммуналдық қызмет өкілдері алдымен нақты проблемасы бар жерді тауып, содан кейін ғана қазу, ауыстыру, жөндеу жұмыстары жүргізіледі.
Сол сияқты шаһардағы жылу желілерінің тозу деңгейі де азайған. Бұрын нормативтік тозу 24 пайыз болса, қазір 9 пайызға дейін төмендетілгені айтылды.
Әсіресе әкімшілік-іскерлік орталықтағы қазандықты жаңғырту жобасы маңызды. Бұл жоба іске асқанда 46 мыңнан астам абонент үшін жылу беру сапасы жақсармақ. Олардың қатарында көпқабатты тұрғын үйлер, кеңсе ғимараттары, әлеуметтік нысандар бар. Тозған құбырды жиі жамай бергеннен гөрі, жоспарлы түрде жаңарту осындай нәтижеге әкелген.
Көшені жарықтандыру мәселесіне де көңіл бөлінген. Соңғы екі жылда қалада 4 686 көше жарықпен қамтамасыз етілген. Жыл соңына дейін Шымкент көшелерінің 100 пайызы жарықтандырылады деген жоспар бар.
Түнгі уақытта жарық шамдар жол қозғалысының қауіпсіздігін арттырып, жаяу жүргіншілер мен көлік жүргізушілерге барынша қолайлы жағдай туғызуда. Сонымен бірге қоғамдық тәртіп пен тұрғындардың өзін қауіпсіз сезінуіне де ықпал етеді.
Жалпы айтқанда, келтірілген деректер Шымкентте инфрақұрылымды жақсарту бағытында жүйелі жұмыс жүріп жатқанын көрсетеді. Ауыз суы жоқ немесе уақытпен берілетін аумақтар азайып келеді, электр және газ желісі күшейтілуде, су және жылу құбырлары жаңа технологиямен тексеріліп жатыр, көшелер жарықтанып жатыр. Алдағы міндет осы жеткен көрсеткіштерді сақтап қалу, қалған қамтылмаған аумақтарды да кезең-кезеңімен жүйеге қосу және бар желіні уақтылы жөндеп отыру.

