Алматы әкімдігі Сәтбаев атындағы №56 гимназияның ғимараты бұзылады деген ақпараттың шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды Ertenmedia.
Қала әкімінің кеңесшісі Ілзат Ақчурин әлемжелі мен БАҚ-та тарап жатқан гимназия ғимараты бұзылады деген мәліметтің жалған екенін айтты.
Құрылыс басқармасының ресми мәліметіне сәйкес, мектеп ғимараты толық бұзылмайды, қазір нысанда тек күрделі жөндеу және сейсмикалық күшейту жұмысы жүргізілуде. Сондай-ақ, тарихи ғимараттың сәулеттік келбеті сақталатынын атап өтті.
«Қазіргі ғимаратты сүріп тастау жоспарланбаған. Жоба аясында ғимараттың тарихи қасбеті міндетті түрде сақталады», – деп сендірді басқарма өкілдері.
Жөндеу жұмысынан кейін мектеп заманауи оқу кеңістігіне айналып, білім берудің жаңа стандартына сай болады деп күтілуде.
Жаңарту жобасына сәйкес, гимназиядағы барлық сынып, зертханалар мен пәндік кабинеттер, оның ішінде техникалық бағыттағы пәндерге арналған кабинеттер жаңғыртылады. Химия, физика, биология кабинеттері заманауи жабдықпен қамтылады. Бұл оқушылардың зерттеу жүргізуіне және тәжірибе арқылы білім алуына мүмкіндік береді.
Бұған қоса, мектеп аумағында көпфункционалды спорт кешені салынады, жаңа спорт алаңдары ашылады. Сондай-ақ оқушыларға арналған жайлы демалыс аймақтары, заманауи асхана, кітапхана, оқу залдары мен мультимедиялық құрал-жабдықпен қамтамасыз етілген үйірме кабинеттері пайда болады.
Дегенмен желідегі қауымның наразылығы басылмай тұр. Қала тұрғындары әкімдіктен тарихи ғимараттарды талқандамауды, Алматыны «мән-мағынасыз шыны ғимараттардың көрмесіне айналдырмауды» талап етуде.
Құрылыс басқармасы көпшілікті сабырға шақырып, білім ордасының сырт келбетін сақтап қалуға уәде беріп отыр.
«Жоба бойынша мектептің шатыры, парапет пен карниз жаңартылады. Қазіргі кезде кірпіштен қаланған карниз демонтаждалып жатыр. Жөндеу жұмысы барысында ол бастапқы сәулеттік келбетінде қалпына келтіріледі», — дейді басқарма өкілдері.
Құрылыс-монтаждау жұмысын 2026 жылдың сәуірінде аяқтау жоспарланып отыр. Жобаға жауапты бас мердігер «Астана-Стройинвест» корпорациясы.
Тұшымды контентті Ertenmedia-ның телеграм арнасынан оқыңыз.
Капитолийден жеткен құттықтау: Республика күніне жасалған ерекше ишара

