Сиднейдегі әйгілі Crown казиносында 1 миллион доллардан астам қаржыны алаяқтық жолмен ұтып алған қазақстандық ерлі-зайыптылар ұсталды, деп хабарлайды Ertenmedia.
Жаңа Оңтүстік Уэльс полициясы Ділноза Исраилова мен Әлішерқожа Исраилов есімді Қазақстан азаматтарының қулық-сұмдық әрекеттер арқылы ірі көлемде ақша жымқырғанын анықтады.
Тәртіп сақшыларының мәліметінше, ерлі-зайыптылар казино үстелінде ойын барысында жасырын байланыс құралдарын қолданған. 36 жастағы Ділноза киіміне кішкентай камераны білдіртпей орнатып, ойын үстелін түсіріп отырған. Түсірілім жасырын телефон байланысы арқылы сырттағы серіктеске жіберіліп, сол жерден жасырын құлаққап арқылы ойыншыға қандай картаға және қандай ставка жасау керектігі жөнінде нұсқау түсіп отырған.
Полицияның айтуынша, қазақстандық жұп осы әдіспен екі ай ішінде қазан мен қараша аралығында казиноның 1,18 миллион долларын ұтып алған.
Алайда ұтыстың тым жиілеп кетуі казино қызметкерлерінің күдігін тудырып, олар полиция шақырған.
«Тексеру кезінде күдіктілерден жасырын камералар, магнитті зондтар, аккумуляторлар және телефонға арналған арнайы құрылғылар табылды. Құрылғылар ойын үстеліндегі карталарды құпия түрде түсіріп, сырттан кеңес алуға мүмкіндік берген», – деп мәлімдеді полиция өкілдері.

Қазақстандық ерлі-зайыптылар Сиднейге 2025 жылдың қазан айында келген және сол күні-ақ Crown казиносының тұрақты мүшелігіне өтініш білдірген. Полиция Исраиловтардың Сиднейдегі тұрғын үйінен құмар ойындарға арналған басқа да жасырын құрылғылар, қымбат зергерлік бұйымдар және 2000 еуро көлеміндегі ақша тәркілеген.
Ділноза Исраилованың соты ақпан айына белгіленген. Ал жұбайы Әлішерихожа Исраилов 11 желтоқсанда жергілікті сот алдында жауап береді. Ұйымдасқан қылмыспен күрес бөлімінің басшысы, детектив Питер Фокстың айтуынша, мұндай алаяқтық әрекеттермен күресте полиция мен казиноның қауіпсіздік қызметі тығыз жұмыс істейді.
«Казиноның қауіпсіздік қызметімен бірлесіп әрекет етуіміз осындай заңсыздықтарды тез әрі тиімді анықтауға мүмкіндік береді», – деп атап өтті детектив. Қазір ерлі-зайыптылар алаяқтық жолмен қаржы жымқырғаны үшін айыпталып отыр.
Тұшымды контентті Ertenmedia-ның телеграм арнасынан оқыңыз.

