Астанада өткен Silk Way Star жобасының жартылай финалы аймақтағы ең әсерлі музыкалық оқиғалардың біріне айналды. Бұл 12 елдің талантты орындаушысын біріктірген және миллиондаған көрермен жинаған алғашқы ірі азиялық вокалдық мегажоба. Соңғы шығарылымда қатысушылар дуэт болып ән айтып, өздерінің кәсіби деңгейін жаңа қырынан көрсетіп шықты, деп жазады Ertenmedia.kz.
Жартылай финал нәтижесінде финалға жеті әнші жолдама алды. Олар ALEM (Қазақстан), Язмин Азиз (Малайзия), Автандил Абесламидзе (Грузия), Мишель Джозеф (Моңғолия), Чжан Хэ Сюань (Қытай), Саро Геворгян (Армения) және Мадинабону Әділова (Өзбекстан). Қазылар алқасы қатысушылардың деңгейі өте жоғары болғанын айтып, шешім қабылдау оңай болмағанын жеткізді.
– Дуэт болуы қатысушылар үшін үлкен сынақ болды. Әрқайсысы жаңа стильде өзін көрсетті, – деді халықаралық қазылар.
Silk Way Star жобасына қатысып жатқан елдердің географиясы да ерекше. Әзербайжаннан бастап Кореяға дейін созылған кеңістікте бұл шоуға барлығы 12 мемлекеттен танымал орындаушылар қатысуда. Олардың барлығы – өз елінің үздік музыкалық мектептерінің өкілдері. Осы жоба арқылы қатысушы елдер өз мәдениетін таныстыруға және шығармашылық байланыс орнатуға мүмкіндік алып отыр.

Шоу тек аймақтық емес, кең көлемді халықаралық аудиторияға жол тартты. Телеарналардағы көрсетілімдер жиынтығы 1 миллиардтан астам көрерменге жеткен. Жоба алты елдің телеарнасынан көрсетіліп, көрермендер Бакуден Ұланбатырға дейін тікелей эфирден тамашалай алды.
Silk Way Star финалы 22 қараша күні сағат 20:00-де Jibek Joly телеарнасында тікелей эфирде өтеді. Көрермендер дауысы да финал нәтижесіне тікелей әсер етеді. Жеңімпаз 50% қазылар шешімімен, 50% онлайн дауыс арқылы анықталмақ.
Әр жанкүйер silkwaystar.org сайтында өз сүйікті орындаушысын қолдай алады. Мегажоба Қазақстан Президенті Телерадиокешені мен Қытайдың CMG медиа корпорациясының бірлескен жұмысы аясында іске асуда.

