Сиыр етінің күрт қымбаттауының себебі неде? Экс-министр Асылжан Мамытбеков мәселенің мән-жайын түсіндіріп берді, деп хабарлайды Ertenmedia.
Соңғы кезде елдегі сиыр еті бағасының күрт көтерілуі жұрттың қалтасын қағып, биліктің басын ауыртып тұр. Бір жыл бұрын келісі 2500-3000 теңгеден сатылған ет биыл тамызда 4500-5000 теңгеге дейін өсті. Мамандар бұған әртүрлі себеп іздеп әлек.
Бұрынғы Ауыл шаруашылығы министрі, қазір Қазақстанның ет одағының басшысы Асылжан Мамытбеков бағаның шарықтауына қатысты өз сараптамасын ұсынды.
Алдымен статистикаға назар аударсақ:
- 2011 жылы Қазақстан шетелге ет экспорттаған жоқ.
- 2019 жылы елде 286 мың тонна ет өндірілсе, соның 63 мың тоннасы (22%) сыртқа сатылды.
- 2024 жылы ел 430 мың тонна ет өндірді, бірақ экспорт бар-жоғы 22 мың тоннаға дейін қысқарды (5,1%).
«2025 жылдың басынан бастап сиыр етінің бағасы күрт өсті. Бұған дейінгі жылдары ет бағасы жалпы инфляция деңгейінен едәуір төмен еді. Ал соңғы баға өсімі ұзақ уақыт бойы нарықты жасанды жолмен ұстап тұрудың салдары», – дейді Мамытбеков.
Баға неліктен бұлай күрт өсті?
2011 жылы Қазақстан ет экспортының әлеуетін дамыту бағдарламасын қолға алды. Нақты жұмысқа кіріскеннен кейін 2019 жылға қарай ел экспорт көлемін 63 мың тоннаға жеткізіп, бұл Кеңес дәуірінен кейінгі рекорд болды.
Бірақ дәл сол 2019 жылы мемлекет ірі қараны сыртқа шығаруға тыйым сала бастаған. Алдымен аналық мал басының экспорты шектелсе, кейін жалпы мал экспортына толық тыйым салынды. Шектеулер әлі де жалғасып жатыр.
«Экспортқа тыйымнан кейін пандемия басталып, елдер арасындағы шекара жабылды. Экспортқа арналған өнімнің барлығы ішкі нарыққа төгілді. Артық ұсыныс, әрине, бағаны құлатты. Өнімін өзіндік құнынан төмен сатуға мәжбүр болған шаруалар аналық малды да жаппай союға көшті», – дейді ол.
Шаруаларға қысым шенеуніктерге тиімді болды. Олар мұны азық-түлік бағасын тұрақтандырған үлкен жетістік ретінде көрсетті. Бірақ бұл жеңіс уақытша ғана еді.
«Бағаны жасанды ұстап тұру серіппені басып тұрумен тең. Серіппенің бір күні босап, қатты тебетіні анық. Бағаны жыл сайын аздап көтеруге мүмкіндік бергенде, мұндай күрт қымбатшылық болмас еді. Бірақ нарық заңын әкімшілік жолмен басқару мүмкін емес. Салдары ауыр болатыны сөзсіз», – деп түсіндірді Асылжан Мамытбеков.
Оның айтуынша, бағаны жасанды жолмен төмендеткенше, әлеуметтік жағынан аз қамтылған топтарға нақты көмек көрсеткен тиімдірек болар еді.
«Ауыл шаруашылығы өнімдерінің бағасына елдегі халықтың үштен бірінің табысы тәуелді. Олардың да қолында көк паспорт бар, олар да осы елдің азаматтары. Сондықтан шаруалардың есебінен бағаны ұстап тұруды тоқтату керек. Әлеуметтік әлсіз топтарға тікелей көмек көрсетудің әдісін ойластырған абзал», – деді экс-министр.
Мамандардың айтуынша, бұл жағдай мемлекет үшін маңызды сабақ болды. Нарық заңын мойындап, шаруа мен тұтынушының арасында тепе-теңдік орнататын тетіктерді енгізу ендігі күннің міндеті. Әйтпесе, жасанды баға саясатының зардабын қарапайым халық тартуы әбден мүмкін.
Тұшымды контентті Ertenmedia-ның телеграм арнасынан оқыңыз.

