Жыл басынан бері Жоғары аудиторлық палата мем.шығындарды бұрын-соңды болмаған ауқымда тексеріп шыққан.
Палата төрағасы Әлихан Смайылов президент Тоқаевқа 6 ай ішінде 20 трлн теңгенің бюджет шығындары жіті сүзгіден өткенін баяндады.
Бұл былтырғы кезеңмен салыстырғанда жеті есеге артық көрсеткіш деп хабарлайды Ertenmedia.
Тексеріске іліккен салалардың ішінде білім, медицина, цифрландыру, энергетика және кәсіби спорт бар.
Нәтижесі көңіл көншітпейді: жарты жыл ішінде ғана 60-тан астам ұсыныс, 450 ескерту жасалып, заңды белден басқан 20-дан аса іс бірден құқық қорғау органдарына берілген.
Палата басшысы тексерістің ауқымы да кеңейгенін айтты. Бұдан былай бюджеттен тыс қорлардың (зейнетақы, медициналық сақтандыру, әлеуметтік сақтандыру қоры) қаржысы да аудиторлардың назарында болады.
Президенттің тапсырмасымен Ұлттық қор қаржысының жұмсалуын бақылау тәсілі түбегейлі өзгерген. Енді қордан шыққан әрбір теңгенің қайда, қалай, қандай мақсатта жұмсалғаны ашық жарияланып, қатаң тексеріледі
Сонымен қатар, коммуналдық ұйымдардың қысқа дайындығы мен газ бағасының негізсіз өсуіне де ерекше назар аударылады. Саладағы жауапкершілікті қатаңдату жөнінде нақты бастамалар көтерілген.
Президент Тоқаев болса, Смайыловқа мемлекеттік аудитті әлі де жетілдіре түсуді тапсырды. Цифрландырудың сапасын арттыру, мақсатсыз жұмсалған шығындарды жою және ұлттық ресурстардан түсетін пайданы еселеу негізгі міндет.
Мем.аудиттің күшейгенінен шенеуніктердің «тәбеті» тыйыла қояр ма ? Бұл уақыт еншісіндегі мәселе.