Солтүстік Қазақстан облысында қоныс аудару бағдарламасы бойынша бюджет қаражаты ұрланғаны анықталды, — деп хабарлайды ErtenMedia.
Прокуратура әлеуметтік шарттың міндеттері орындалмағанын және тұрғын үй құнын асыра бағалау мақсатында қолданыстағы заңнама өрескел бұзылғанын анықтаған.
«Айыртау, Ғ.Мүсірепов, Жамбыл аудандарында қоныс аудару бағдарламасына қатысушылар Әлеуметтік кодекс талаптарына және адамдарды ерікті түрде қоныс аудару қағидаларының талаптарына қарамастан, тұрғын үй сатып алу шығынын өтеу үшін мемлекеттік өтемақыны барынша көп көлемде алу мақсатында нақты құнын асыра көрсеткен», — деп жазылған мәліметте.
Бас прокуратура мәліметінше, заңсыз әрекеттерден мемлекетке жалпы сомасы 11,3 млн теңге шығын келген.
Прокуратура Қылмыстық кодекстің 190-бабына «Алаяқтық» сәйкес соталды тергеп-тексеру жұмыстарын бастады.
Аудандық сот үкімдерімен бағдарламаның 3 қатысушысына бір жылдан үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы кесілді.
Прокуратура мәліметінше, мемлекеттен қаржылай көмек алған кейбір бағдарлама қатысушылары тұрақты тұру үшін қоныс аударған жерінен басқа аймақтарға көшіп кеткен. Алайда жергілікті атқарушы органдардың шенеуніктері 103,6 млн теңге көлеміндегі төлемді өндіріп алу шараларын қолданбаған.
Жергілікті атқарушы органдардың 25 қызметкері (оның ішінде Мансап орталықтары филиалының 11 басшысы) тәртіптік жауапқа тартылып, 19,1 млн теңге көлеміндегі бюджет қаражаты өтелген. Қалған сома бойынша сотқа талап арыздар берілген.