Шерзат Болат әулетінің мүддесін қорғап жүрген адвокат Саида Тәуекелова Нұрқанат Ғайыпбаевтың қазасына қатысты тың мәліметті жария етті, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Адвокаттың айтуынша, оқиғаға байланысты Қылмыстық кодекстің 105-бабы бойынша, яғни адамды өз-өзіне қол жұмсауға жеткізу дерегімен қылмыстық іс қозғалған.
Саида Тәуекелованың сөзінше, Нұрқанат Ғайыпбаев тергеу барысында психологиялық тұрғыда әлсіз күйде көрінбеген. Керісінше, барлық тергеу әрекеттеріне сабырмен қатысып, өзіне артылған жауапкершілікті толық сезінген.
«Шерзат ісі аясында Нұрқанатпен күн сайын бірге жүрдік. Тергеу кезіндегі жауап алуларда да, оқиға орнына барғанда да өзін сенімді ұстады. Ауыр психологиялық күйін байқамадық. Сәрсенбі күні сотқа баруымыз керек еді. Біз “жала жабу” және БАҚ-та “жалған ақпарат тарату” дерегі бойынша арыз бергенбіз, сот соған дайындалып жатқан. Кеше де байланыста болдық. Материалдық қиындықтарына, ет дүкеніндегі жұмысына қарамастан, істің қозғалғанына олар қуанып жүрген. Кейде қолдан келгенше көмектесуге тырыстық, отбасының табысы болсын дедік. Ешкімнен ештеңе сұраған емес. Ал мына хабар бәрімізге жай түскендей тиді», – деді адвокат қаза тапқан үйдің алдында журналистерге.
Оның айтуынша, Шерзат Болатқа қатысты іс бойынша тергеу аяқталуға жақын қалған.
«Сотқа дайындалып жатқан едік. Нұрқанат негізгі куәгерлердің әрі жәбірленушілердің бірі болатын. Себебі сол оқиға кезінде оған да үш рет пышақ салынған. Қазіргі жағдай отбасы үшін де, біз үшін де ауыр трагедия. Тергеу барысы бойынша қосымша ақпарат кейінірек беріледі. Қазір тергеу әрекеттеріне қатысуымыз қажет», – деді Саида Тәуекелова.
Контекст
Айта кетейік, бүгін Алматы облыстық полиция департаменті Талғар маңынан 30 жастағы ер адамның мәйіті табылғанын хабарлады.
Полиция Шерзат Болаттың отбасы тұрақты түрде қорғауда болғанын мәлімдеді.
«Отбасы мүшелеріне қатысты қауіп-қатер деректері тіркелмеген. Күзет қызметінің мәліметіне сәйкес, марқұм күзеттегі нысаннан сағат 23:30 шамасында шығып, жеке көлігімен кеткен. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жарияланбайды», – делінген ресми хабарламада.
Шерзат Болаттың әулеті Нұрқанаттың өзіне қастық қылғанына сенбейді.

