Астана сотында атышулы Перизат Қайратқа қатысты сот процесі жалғасып жатыр. Бүгінгі отырыста жәбірленуші Олжас Садық айыпталушының анасы Ғайни Алашбаеваның жазасын жеңілдетуді сұрап, өз ұстанымын жеткізді, деп хабарлайды Ertenmedia.
Блогер 2023 жылы Газа халқына қолдау ретінде ел азаматтарынан ерікті түрде қаражат жинап, жиналған 83 млн теңгені «Biz Birgemiz» қорына аударған.
Қаржының мақсатты жұмсалғанына көз жеткізу үшін ол Перизатпен бірге Әбу-Дабиге барған. Алайда сапар нәтижесіз аяқталған.
«Қаржыны қорға аударған соң Перизаттың байланысы сиреді. Уәде етілген есеп-қисаптың орнына түрлі себеп айтып, сылтауратты. Уақыт өте келе халықтың сеніп тапсырған ақшасы қайырымдылық емес, айыпталушының жеке шығындарына жұмсалғаны белгілі болды», – деді Олжас Садық соттағы сөзінде.
Садықтың айтуынша, бұл оқиға Қазақстандағы қайырымдылыққа деген халық сеніміне көлеңке түсірген. Ол өзіне тиесілі азаматтық талап арызды толық қолдайтынын жеткізді, алайда Ғайни Алашбаеваның денсаулық жағдайына байланысты оны үйқамақта қалдыруды өтінді.
«Ғайни Алашбаеваның да кінәлі екені анық. Бірақ оның денсаулығын ескере отырып, жазасын жеңілдетіп, үйқамаққа алу орынды болар еді. Ол кісіге жаным ашиды. Аяушылық танытқанымыз жөн», – деді ол.
Айта кетейік, бұған дейін Перизат Кайрат су тасқынынан зардап шеккендер үшін жиналған 1,5 млрд теңгеден астам қаржыны жымқырды деген күдікке ілінген еді.
Кейіннен оған Палестина халқына көмек ретінде жиналған 200 млн теңгені мақсатсыз жұмсады деген айып тағылған. Перизат Кайрат екі ай мерзімге қамауға алынып, барлық мүлкіне санкция салынды. Оның анасы Ғайни Алашбаева да аталған іске күдікті ретінде тартылған.
Перизат басқарған қордың өзге құрылтайшылары Amanat партиясының мүшелері екені белгілі болған.