1 млрд 700 млн теңге жымқырған Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің экс-ректоры Дамир Шыныбеков амнистия бойынша бостандыққа шықты деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің ресми жауабына сәйкес, Шыныбековтің жазасы заңда белгіленген тәртіппен қайта есептеліп, амнистия қолданылған. Нәтижесінде ол сот белгілеген мерзімін толық өтеп шыққан. Сондай-ақ комитет өзге деректерді жариялауға заң шектеу қоятынын жеткізген.
Еске сала кетейік, 2019 жылдың маусымында Алматы қаласының соты ХАТУ-дың сол кездегі ректоры Дамир Шыныбеков пен университеттің бас бұғалтыры Жанайым Спабековаға қатысты істі қарауға кіріскен еді.
Олар 2013-2018 жылдар аралығында жалған келісімшарттар рәсімдеп, 1 миллиард 700 миллион теңгеден астам қаржыны қолма-қол ақшаға айналдырып, жымқырған деп айыпталған болатын.
2020 жылдың 5 қазанында сот екі айыпталушыны да кінәлі деп танып, сегіз жылға бас бостандығынан айырды. Сондай-ақ олардың жеке мүлкі тәркіленіп, бес жыл бойы білім және ғылым саласында басқарушы және материалдық жауапкершілік талап ететін қызметтерді атқаруға тыйым салынған еді.
2021 жылы Шыныбеков апелляциялық сотта өзіне тағылған айыптарды мойындамай, құжаттардың көпшілігінде қолтаңбасы жоқ екенін алға тартқан. Алайда, сот алғашқы шешімді күшінде қалдырған.
Күні кеше…
Желі қолданушылары жақында Алматыдағы ірі сауда орталығының бірінде экс-ректорды көргенін айтып, оның бостандықта жүруіне байланысты сұрақ туындаған болатын. Осылайша Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті оның амнистия бойынша заңды түрде босатылғанын растады.
Шыныбеков Халықаралық ақпараттық технологиялар университетін 2009 жылдан бастап 2019 жылдың мамырына дейін басқарған. 2017 жылы Алматы қалалық мәслихатының депутаты болып сайланған еді.
Айта кетелік, Қазақстанда былыққа батқан ректорлар аз емес. Бұған дейін біз Батыс Қазақстандағы ректордың тоңазытқышынан табылған миллиондар туралы жазған едік.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

