Бүгінде әлемнің әр түкпірінде судьялар тек заң баптарын тәпсірлейтін маман емес, мемлекеттің құқықтық бағытына, тіпті қоғамдық моральдың шекарасына ықпал ететін салмақты күшке айналып барады.
Вашингтоннан Нью Делиге, Астанадан Иерусалимге дейін созылған осындай күрделі құбылысты саясаттанушы Шыңғыс Ергөбек саралап, сот билігінің жаңа дәуірдегі шынайы салмағын таразылап берді деп жазады Ertenmedia.kz.
Әлқисса
Қазіргі конституциялық демократияларда соттар өздерін тек дауларды шешетін бейтарап төрешілер деп қарастырудан алшақтап барады. Заманауи соттың образы, күрделі сауалдарға жауап беретін, құқық нормаларын қалыптастырушы маңызды қайнар көзге айналуымен айқындалуда.
Батыстан шығысқа, Оңтүстік Америкадан Антарктидаға дейінгі кеңістікте қоғамдағы ең негізгі құқықтық және моральдық сұрақтарға жауапты заң шығарушы парламент өкілдері емес, судьялар беруде.
Бұл құбылыс құқықтану ғылымында юристократия (сот билігінің үстемдігін) және ең терең мағынасында соттық теократия (сот билігінің моральдық әрі конституциялық құқықтық қағидаларды қалыптастырушы соңғы инстанция) деп аталады.
Бірақ соңғы уақыттағы сот функцияларының күрделенуі әлемдік қауымдастық тарапынан бұл ұғымдарды жаңа мазмұнда, ал сот билігін жаңа көзқараста саралауға итермелеуде.
Мәселе билік тармақтарының арасындағы дауларда, соттың абсолютті басым төрешіге айналуынан да тысқары, Израиль жоғары сотының, ұлттық болмыс жолындағы ізденістері, билікке демократияға жат әдіспен келген тұлғалардың билігінің құқықтық сипатын айқындауға дейінгі кең көлемді сұрақтарды қамтып жатыр. Бұл мағынада сот билігінің ықпалы бұрын соңды болмаған биікке көтерілді. Әсіресе әскери төңкеріс нәтижесінде билікке қол жеткізген тұлғалардың құқығын сарапқа салып, оның легитимді табиғатын айқындау, өзге органдарға емес, тек осы сотқа жүктелуде.
Бұл үрдіс бір елде ғана емес – әртүрлі құқықтық жүйелерде, конституциялық институттар жаңа қалыптасу үстіндегі жас мемлекеттерде ғана емес, ұзақ уақыт бойы қалыптасқан құқықтық дәстүрлері бар мемлекеттерде де байқалады. Үдерістің негізгі дені сот билігінің күшейіп, демократия мен құқық үстемдігі арасындағы негізгі теңгерімде жатыр.
АҚШ мирасы: Марбуриден заманауи қуатты сотқа қарай
Классикалық деморатияның көрінісі ретінде АҚШ-ты алайық. 1803 жылы Marbury v. Madison ісінде АҚШ Жоғарғы соты «сотқа – конституцияға қайшы заңдарды «заңсыз» деп жариялау құқығын беретін соттық бақылау қағидатын бекітті. Ол кезде бұл шағын процедуралық қағида ретінде көрінгенімен, уақыт өте сот билігінің заңдарды тек қолданушы ғана емес, олардың мағынасын, мазмұнын айқындайтын басты акторға айналуына жол ашты.
Кейінгі онжылдықтарда сот Конституция мәтінін кең түсіндіру арқылы АҚШ қоғамының құрылымын түбірімен өзгертті. Brown v. Board of Education (1954) шешімінде сот мемлекеттік мектептердегі нәсілдік бөліністі конституцияға қайшы деп таныды және «бөлек, бірақ тең» деген құқықтық қағиданы жойды. Кейінгі шешімдер – Golan v. Holder (2012) — зияткерлік меншік саласындағы федералды биліктің шектерін анықтауда соттың рөлін көрсетті.
Мұндай істер соттарды жай ғана дау шешушілер емес, нормаларды қалыптастыратын құқықтық акторлар ретінде танытады. Демек заңды түсіндіру оның Конституцияға сәйкестігін айқындау, конституциялық-құқықтық тәртіпті қалыптастыруда ерекше орын алатын маңызды институтқа айналды.
ХХ ғасырдың екінші жартысындағы азаматтық құқықтарды қалыптастыру мен дамыту заңдылықтарының барлығы осы қатаң логиканы негізге алды. Бұл бірінші кезекте азаматтардың құқықтық қорғану жүйесінде заң шығарушы органға қарағанда сот органдарына жүгіну қажеттілігін бірінші қатарға шығарды. Гендерлік теңдік, нәсілдік теңдік, адам құқықтары секілді салада айтарлықтай консервативті заң шығарушы орган екінші қатарға шығып кетіп, сот бірінші қатарлы құқық қорғаушыға айналды.
Оның үстіне соттық түсіндіру институтының маңызы оның Конституциялық тәртіптің өміршеңдігін қамтамасыз ете алуында жатыр десек артық айтқандық болмас. АҚШ Жоғарғы соты әлімдегі ең ескі, күрделі Контситутцияны заман талабына сай түсіндіру арқылы ғана заманауи келбетін қалыптастыра алып отырғандығы осының айғағы.
Үндістан: Сот – Конституцияны қорғаушы институт ретінде
Үндістанда соттың рөлі демократиялық басқару жүйесінде ерекше маңызға ие. 1973 жылғы Kesavananda Bharati v. State of Kerala ісінде Жоғарғы сот Парламенттің жалпы Конституцияны өзгерте алса да, оның негізгі құрылымын (basic structure) өзгерте алмайтынын жариялады. Бұл сотты заң шығарушыдан жоғары конституциялық нормаларды түсіндіруші, мазмұнын айқындаушы органға айналдырды.
Одан кейінгі істер, Maneka Gandhi v. Union of India (1978) соттық әділеттілік пен жеке бостандықты кең түсіндіре отырып, Үндістанда заң шығарушылар әлі бел шешіп кірісе қоймаған салаларда маңызды құқықтық қағидаларды қалыптастырды.
Бұған дәлел еңбек барысында жыныстық сипаттағы қысымға қарсы құқықтық стандарттарды енгізген маңызды істердің бірі — Vishaka v. State of Rajasthan (1997)-. Бекітілген стандарттар кейінгі істерді қарастыруда эталон ретінде қызмет етті. Бұл үдеріс Үндістан соттарының заң мәтіндерінде тікелей жазылмаған тұстарды толықтырып, әлеуметтік саясаттың негізгі бағыттарын айқындауда белсенді рөл атқаратынын көрсетеді.
Қазақстан: жаңа құқықтық бақылау тетігі
Посткеңестік елдерде сот билігінің әсері жаңа деңгейге көтерілуінің мысалы – Қазақстан. 2022 жылғы конституциялық реформалар нәтижесінде Конституциялық сот қайта енгізілді, және азаматтарға заңның конституцияға сәйкестігін тікелей сот арқылы талап ету мүмкіндігі берілді. Бұл – бұрын болмаған тәжірибе. Мәселе тәжірибенің мазмұнында жатыр.
Бірқатар қолданыстағы нормативті-құқықтық актілердің табиғаты Конституцияға қайшы келетіндігін айқындалып, Конститциялық сот заңнамадағы терең тиктоникалық өзгерістерге жол ашты. Бұл соттың саралау функциясын кеңейтіп, әлеуетін толық пайдалунға жол ашты.
2023 жылы Конституциялық сот мыңдаған арыз шағымдарды қарап, заңдардың конституциялық нормаларға сәйкестігін саралап, конституциялық құқықтарды түсіндіру бойынша шешімдер қабылдады. Бұл шешімдер тек жеке істерге ғана қатысты емес – олар заңдарды түсіндіру және қолдану бойынша норма қалыптастыру тұрғысынан маңызды еді. Нәтижесінде сот жұмысының табиғатына өзгеріс енгізілді. Сот тек заң қолданушы емес, оны түсіндіруші және саралаушыға айналды.
Мысалы, теңдік, әділ сотқа қол жеткізу құқығы, процессуалды адам құқықтары секілді құндылықтарға қатысты шешімдер қолданыстағы заңнаманы түзетуге және әкімшілік тәжірибені өзгертуге әсер етті. Сот шешімдерінің, түсіндірушілік, интерпретациялық әсері оны жай соттан нормаларды реттеуші, конституциялық құндылықтарды сақтаушы басты сарапшы органға айналдырды. Сот Конституция нормаларын түсіндіріп қана қоймай, өз шешімдерінің негізінде заңнамаға өзгеріс енгізу мүмкіндігіне ие болды.
Әлемдік үдеріс: соттар жаңа өзгерістердің қайнар көзі ретінде
Юристократиялық үдеріс бүгінгі күні әлемнің барлық бөлігін қамтып отыр. Еуропада конституциялық және адам құқықтары жөніндегі соттар адам құқықтары мен негізгі бостандықтарды кең түсіндіру арқылы нормативті құқытық актілердің мазмұнына тікелей әсер ету мүмкіндігіне ие болды. Герман федералдық конституциялық соты дербестік пен адам қадір қасиетін қорғау саласында ЕО саясатына ықпал етті.
Израиль Жоғарғы соты да теңдік пен азаматтық бостандық мәселелерінде шешімдер қабылдап, қабылданған тиісті заңнаманың болмағандығына қарамастан, әлеуметтік стандарттарды қалыптастыруда белсенді рөл атқарды. Адам құқықтарының тыс сауалдар да заманауи Израиль сотын маңызды шешім қабылдаушы орталықтардың біріне айналдырып отыр.
Латын Америкасында да конституциялық соттар қоршаған орта, еңбек құқықтары сияқты қоғамдық маңызды салаларды реттеуде белсенділік танытуда.
Жоғарыдағы мысалдардан шығатын түйін конституциялық тәртіп орныққан, қалыптасқан қоғамдарда, соттар құқық пен қоғамдық қатынастардың мазмұнын анықтайтын негізгі институтқа айналып келе жатыр. Бұл үдеріс конституциялық тәртіптің беріктігін қамтамасыз етіп қана қоймай, оның өміршеңдігі мен ұзақ мерзімді басымдығын айқындауға оңтайлы ықпал етуде.
Демократия мен судьялар билігінің теңгерімі
Сот билігінің күшеюі маңызды артықшылықтар береді. Соттар көпшіліктің қысымынан қорғанбаған азшылықты қорғау, негізгі құқықтар мен бостандықтарды қамтамасыз ету, билік тармақтарының ықпалын шектеу мүмкіндігіне ие. Классикалық мысал, нәсіларалық некені заңдастыру, біржыныстық некені заңдстыру, азаматтардың жеке өміріне қол сұқпауға жағдай жасау секілді ХХ ғасырда адам құқықтары туралы ойдың өзгеруіне ықпал еткен құқықтар.
Сайланбалы, алқалы органдарға қарағанда бұл құқықтарды қамтамасыз етуде соттар өздерінің жоғары тиімділігін көрсетті. Себебі сот сайланбалы орган емес. Оның бейтараптық сақтау мүмкіндігі әлдеқайда кең.
Алайда бұл үрдістің демократиямен арақатынасы қандай? Судьялар сайланбаған – олардың халық таңдаған заң шығарушылар, депутаттар, секілді тікелей мандаты жоқ қой. Егер соттар қоғамдық маңызы бар мәселелер бойынша шешім қабылдауда белсенділігін арттырса, яғни белгілі дәрежеде классикалық заң шығарушы функциясын иеленуг ұмтылса, бұл шешімдердің демократиялық легитимділігі төмендеуі мүмкін.
Заманауи конституциялық басқарудың негізгі дилеммасы да конституциялық құрылым мен халық билігінің теңгерімі арасында жатыр.
Құқық пен мораль аралығындағы соттар
АҚШ тан Үндістанға дейінгі, Қазақстаннан Латын Америкасына дейінгі құқықтық жүйелердегі сот тәжірибесі көрсеткендей, судьялар жай ғана заңды қолданушы емес – қоғамның құқықтық мазмұнын қалыптастыратын құқықтық архитекторларға айналды. Бұл үрдіс конституция мәтіні мен сот практикасының арасындағы байланыс қана емес, сот билігінің қоғамды қандай бағытта дамытатынын анықтайтын диалог алаңы.
Қоғамдық өзгерістегі сарынды айқындауда, сезуде, саралауда, соттардың рөлі артып келеді. XXI ғасырда судьялар – құқықтың сақтаушылары ғана емес, қоғамның моральдық және құқықтық бағытын айқындаушы басты институттардың біріне айналып отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







