Қазақстан үкіметімен құқықтық дау-дамайдың ортасында қалған британдық Shell компаниясы күтпеген жерден жаңа барлау жобасына қол қойды деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
5 наурыз күні Энергі министрінің орынбасары Ерлан Ақбаров пен Shell-дің Қазақстандағы өкілі Сиюзан Куган Ақтөбе облысындағы «Жанатұрмыс» алаңын геологиялық барлау туралы келісімге келді. 1377 шаршы шақырым аумақты қамтитын жобаға сәйкес компания аймақта сейсмикалық зерттеулер жүргізіп, деректер жинап, техникалық сараптама жасамақ.
Shell-дің әрекеті осыған дейінгі ұстанымына толық қайшы
Ақпан айында ғана компания басшысы Уаел Сауан Қазақстандағы инвестицияны уақытша тоқтататынын жариялаған еді. Ел үкіметінің миллиардтаған долларлық талап-арыздары британдық компанияның жұмыс істеуге деген ынтасын күрт төмендеткен.
«Қазақстанда инвестиция жалғастыруға мүмкіндік көп болғанымен, алдымен құқықтық мәселелер анық шешілуі керек. Сол себептен біз қазір жағдайдың қалай өрбитінін күтеміз», – деген-тін Сауан.
Әсіресе…
Ірі мұнай-газ жобалары Қарашығанақ пен Қашаған төңірегінде дау-дамай күшейіп тұр. Қарашығанақ консорциумына Бектенов үкіметі шығындарды өтеу бойынша алдымен 3,5 миллиард доллар талап қойып, кейін талаптың көлемін 6 миллиард долларға жеткізді.
Биыл қаңтарда Shell бастаған консорциум сотта жеңіліс тауып, өтемақы көлемі 4 миллиард долларға дейін барды. Компаниялар әзірге шешімге шағымдану құқығын сақтап отыр.
Одан бөлек…
Қашаған кенішінің шарттары бойынша да Бектенов үкіметі халықаралық арбитражға талап жолдап, жалпы талаптардың көлемі 160 миллиард долларға дейін жетуі мүмкін екенін мәлімдеген.
Биліктің айтуынша, Қашаған жобасындағы табыстың 98 пайызы шетелдік компанияларға кетіп, Қазақстан тек символикалық роялти алып отыр. Сондай-ақ, жоба аясында күкірт сақтау бойынша экологиялық талаптар тағы 13,5 миллиард долларды құрайды.
Алайда осындай ауқымды дауға қарамастан, Shell-дің Ақтөбедегі жаңа келісімге келуі оның Қазақстан нарығынан кетуге асықпайтынын көрсетеді. Компанияның Қазақстанда жұмыс істейтін басқа да ірі жобалары бар: Солтүстік Каспий жобасы (16,81 пайыз), Қарашығанақ жобасы (29,25 пайыз), Каспий құбыр консорциумы (7,4 пайыз).
Жаңа жобаның келісімшарты 2032 жылға дейін күшінде болмақ. Қазақстанның Энергі министрлігі келісімнің жақсартылған үлгімен жасалғанын және Shell компаниясы аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына кемінде 100 миллион теңге бөлетінін хабарлады.
Сарапшылардың пікірінше, Shell-дің амалының арғы жағында геосаяси жағдай жатыр. Украинадағы соғыстан кейін Ресейден энергия тасымалдаудың азаюы Орталық Азияның Батыс үшін стратегиялық маңызын күрт арттырған.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







