Қоян-қолтық күш сынасатын спорт түрлерінде бас жарақатының қауіпті екені бұрыннан белгілі. Бірақ мұндай соққылар мида нақты қандай өзгерістер туғызатыны енді ғана терең зерттеле бастады, деп жазады Ertenmedia.kz.
Ғалымдардың айтуынша, регби, бокс, хоккей және америкалық футбол сияқты спорт түрлерімен айналысатын адамдарда есте сақтау қабілетінің нашарлауы мен нейродегенеративті аурулардың даму қаупі жоғары болады. Мұндай жағдайға тіпті жеке атау да берілген созылмалы травматикалық энцефалопатия, яғни «боксшылар деменциясы».
Жаңа зерттеу нәтижесі бұл мәселенің басты себебі мидағы гематоэнцефалиялық бөгеттің (ГЭБ) бұзылуымен байланысты екенін көрсетті. Бұл бөгет – миды қан арқылы келетін зиянды заттардан қорғайтын табиғи қорғаныс қабаты.
Зерттеуді жүргізген ғалымдар арнайы МРТ әдісін пайдаланып, бірнеше ондаған спортшының миын тексерген. Нәтижесінде басынан жиі соққы алған адамдарда осы қорғаныс жүйесінің әлсірейтіні анықталған.
Әдетте мидағы қан тамырларының қабырғалары өте тығыз болады. Олар арқылы тек қажетті молекулалар ғана өтеді. Бірақ микрожарақаттардан кейін бұл қабаттың өткізгіштігі артады. Яғни, миға бұрын кірмеуі тиіс заттар да өте бастайды.
Ең маңыздысы бұл өзгеріс уақытша емес. Зерттеу көрсеткендей, тіпті спорттан кеткеніне 10 жылдан асқан адамдарда да бұл бұзылыс сақталады. Ғалымдар тағы бір маңызды белгіні анықтаған. ГЭБ бұзылған спортшылардың қанында қабынуға байланысты иммундық жасушалар көбейген. Бұл мида созылмалы қабыну процесі жүріп жатқанын білдіреді.
Ал созылмалы қабыну көптеген ауыр аурулардың, соның ішінде неврологиялық дерттердің дамуына себеп болуы мүмкін. Зерттеу авторлары бұл нәтижелерді әлі де кең көлемде тексеру қажет екенін айтады. Егер бұл деректер расталса, болашақта мұндай спортпен айналысатын адамдардың денсаулығын қорғау үшін жаңа тәсілдер әзірленуі мүмкін.
Мамандардың пікірінше, мәселені шешудің екі бағыты бар. Біріншісі – қабынуды азайтатын әдістерді қолдану. Екіншісі – мидағы қорғаныс жүйесінің қалыпты жұмысын қалпына келтіру.
Бұл зерттеу бір нәрсені анық көрсетті: басқа қайталанатын соққылар тек уақытша жарақат емес, ұзақ мерзімді салдары бар күрделі процесс.
2025 жылғы химия саласындағы Нобель сыйлығының лауреаты, Калифорния университетінің профессоры Омар Яги ауадан тәулігіне мың литрге дейін таза ауыз су алатын инновациялық құрылғысын көпшілікке ұсынды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







