Коммерциялық спутник АҚШ пен Израильдің бірлескен операциясы басталғалы бері алғаш рет Иранның ядролық нысанына соққы жасалғанын көрсетті деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Халықаралық ғылым және қауіпсіздік институтының хабарлауынша, Колорадо штатында орналасқан Vantor компаниясының түсірген суреттерінен Натанздағы жерасты уран байыту кешенінің екі кіреберісіне соққы жасалғаны белгілі болды. Бұл туралы алғаш болып Израильдік геоаналитик Бен Цион Макалес мәлімдеген.
БҰҰ-ның бұрынғы ядролық инспекторы және аталған институттың негізін қалаушы Дэвид Олбрайт шабуылдардың жергілікті уақыт бойынша жексенбі түстен кейін және дүйсенбі таңертең аралығында жасалғанын айтты. Дегенмен, ол соққыны АҚШ немесе Израильдің қайсысы жасағанын нақтыламады.
Сенбі күні таңертең АҚШ пен Израиль Иранға қарсы ауқымды әуе операциясын бастаған еді. Нәтижесінде Иран аймақтағы бірқатар елдерге қарсы жауап соққыларын жасаған.
МАГАТЭ не дейді?
Спутник түсірген суреттер Иранның Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктегі (МАГАТЭ) өкілі Реза Наджафидің мәлімдемесін растап отыр. Бұған дейін МАГАТЭ басшысы Рафаэль Гросси ешқандай ядролық нысанның зақымдалғаны туралы ақпарат түспегенін айтқан болатын.

Ал Олбрайттың айтуынша, Рафаэль Гросси мәлімдемесін институт қолындағы суреттерге дейін түсірілген ескі деректерге сүйеніп жасаған болуы мүмкін.
Спутниктік суреттерге сәйкес, Натанз кешеніндегі үш ғимарат толығымен жойылған. Оның екеуі мыңдаған центрифуга орналасқан жерасты цехтарына кіретін негізгі есіктер болса, үшіншісі көлікпен кіруге арналған жалғыз жол болған.
МАГАТЭ қазір Ирандағы ядролық нысандарға кіре алмай отыр. Агенттік өкілдері ирандық әріптестерімен байланыс орнатуға талпыныс жасағанымен, бұл байланыс тым шектеулі.
Бұған дейін…
Маусым айында да Натанздағы кешенге шабуыл жасалып, жерасты цехтары мен ондағы жабдықтарға үлкен зақым келген еді. Сол кезден бері Иран тарапы МАГАТЭ инспекторларының зақымдалған нысандарды қайта тексеруіне рұқсат бермей отыр.
Женевада Иран мен АҚШ арасындағы Оманның арағайындығымен өткен соңғы келіссөздер нәтижесіз аяқталды. «Келісімге келу тағы да мүмкін болмады. Әрине, екі тараптың да көңілі толмай отырғанын түсінеміз», – деді Гросси.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







