Солтүстік Қазақстан облысы әкімі Ғауез Нұрмұхамбетовтың төрағалығымен өткен әкімдік отырысында жылыту маусымының өтуі қаралды,— деп хабарлайды Ertenmedia.kz
Бүгінде облысқа жылу беруді екінші ЖЭО, 24 орталық қазандық және 466 автономды қазандық қамтамасыз етуде. Стансада 8 қазандық пен 6 турбина агрегаты жұмыс істейді, резервте 2 қазандық пен 1 турбина бар. Бір қазандықты күрделі жөндеу басталды, сондай-ақ станцияға жаңа мұржаны қосу жоспарлануда. Сонымен қатар, қатты тасқыннан зардап шеккен 53 шақырым жоғары вольтты электр желілері мен 737 бағаны қалпына келді.
Жамбыл, Жұмабаев, Тимирязев, Уәлиханов және Шал ақын аудандарында 7 блок-модульдік қазандық орнатылды. Бұл 20 көпқабатты үй мен 2 әлеуметтік нысанға тұрақты жылу беруді қамтамасыз етті. Сондай-ақ, Пресновкада 2 көпқабатты үй мен 7 әлеуметтік нысан қосылды. Аудандарда 7 қазандық алмастырылды.
Келесі жылыту маусымында Саумалкөл және Новоишим ауылдарында орталық қазандықтар мен жылу желілерін іске қосу жоспарлануда, Талшық ауылында да жылу желілері қосылады. Сонымен қатар, Жұмабаев, Мүсірепов және Тимирязев аудандарында жаңа блок-модульдік қазандықтар орнатылады.
Жиында облыс әкімі энергетика саласында маман тапшылығы мәселесін атап өтті. Қазір энергетикалық кәсіпорындарда 550 бос жұмыс орны бар. Әсіресе, электрмонтерлер, электрослесарлер, инженерлер мен дәнекерлеушілер жетіспейді. Осыған байланысты, «Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында аймақ басшысы оқу орындарын облысқа қажетті мамандарды даярлауға қайта бағдарлауды тапсырды.