Бүгін СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Петропавл мен Қызылжар ауданында бөгеттерді нығайту жұмыстарын және арналардың құрылысын тексерді,- деп хабарлайды Ertenmedia.kz
Қызылжар ауданында Соколовка, Большая Малышка және Вагулино ауылдары су басу қаупі бар аймақтарда орналасқан. Қауіпті азайту мақсатында Соколовка маңындағы Есіл өзенінде жаңа айналма канал жасалуда. Бұл жұмыстар осы ауылдарға жақын өзеннің су өткізу қабілетін ұлғайтады.
Тасқынның шарықтау шегінде Петропавл су торабы арнаның тарылуы салдарынан суды қажетті көлемде өткізе алмайды. Бұл мәселенің шешімі — Заречный кентінің жанында айналма канал құру. Қазір ұзындығы 3,7 км болатын арнаның құрылысы белсенді жүргізілуде, ол алғашқы кезеңде суды өткізуді қамтамасыз етеді.
Сонымен қатар, Ущев пен Былғары кенті бөгеттеріне темірбетон плиталарын төсеу жалғасуда. Бұл жұмыс бөгеттердің беріктігін арттырып, олардың шайылуын болдырмайды және шағын аудандарды су басудан қорғауды қамтамасыз етеді.