Қазақстанда Starlink спутниктік интернетін ресми түрде ұсынатын алғашқы компания пайда болды, деп хабарлайды Ertenmedia.
Жуырда бизнесмен Тимур Турлов иелік ететін Freedom Telecom құрамына енген Astel компаниясы Starlink спутниктік байланысының ресми реселлері атанды.
Astel директорлар кеңесі осы жылдың 10 қыркүйегінде «Starlink Kazakhstan» ЖШС-мен тиісті келісімшарт жасасуға рұқсат берді. Келісімнің қаржылық құны компания капиталының 10 пайызынан асып отыр.
Astel таратқан ақпаратқа сүйенсек, компания Starlink интернет қызметін Қазақстан аумағында 2025 жылдың күзіне қарай іске қоспақ. Интернет ең алдымен бизнес пен мемлекеттік секторға арналады. Байланыс үшін төменгі орбитада (шамамен 550 шақырым биіктікте) орналасқан спутниктер қолданылмақ.
Осы жылдың маусым айында Қазақстанның Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі (ЦДИАӨМ) Starlink-пен арнайы келісім жасасқанын мәлімдеген еді.
Құжатқа сәйкес, Илон Маскқа тиесілі SpaceX-тің еншілес компаниясы Қазақстан заңнамасының талаптарын сақтай отырып, елімізде спутниктік интернетті ресми түрде іске қосады. ЦДИАӨМ сол кезде Starlink терминалдарын тұрғындарға сату биылғы жылдың үшінші тоқсанында басталатынын хабарлаған.
Бұған дейін Тимур Турловтың Freedom Telecom компаниясы Astel спутниктік операторын сатып алған болатын.
Осы жылдың сәуірінде аяқталған бұл мәміле құны 11,46 миллиард теңгені құрады. Сол уақытта Freedom Telecom Astel-ді сатып алу арқылы төменгі орбиталы спутниктік платформалармен жұмыс істейтін жаңа технологиялық бағытты дамытуды көздегенін атап өткен еді.
Алдағы уақытта Astel мен Freedom Telecom желілері өзара интеграцияланып, ортақ инфрақұрылым аясында жұмыс істейді деп жоспарланған.
Freedom Telecom Freedom Holding Corp холдингінің бір бөлігі. Холдингтің негізгі акционері әрі негізін қалаушы Тимур Турлов Forbes Kazakhstan рейтингінде Қазақстанның ең бай бизнесмендері арасында екінші орында тұр, оның дәулеті 5,8 млрд долларды құрайды. Сондай-ақ, Турлов 2024 жылы Қазақстанның ең ықпалды кәсіпкерлері рейтингінде төртінші орынға тұрақтаған.