Бүгін Түркістан қаласында Қазақстанның мемлекеттік статистика қызметінің 105 жылдығына арналған мерекелік іс-шара өтті. Салтанатты жиынға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, сала ардагерлері мен өңірдің статистика органдарының қызметкерлері қатысты, – деп хабарлайды Ertenmedia.kz Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мерекелік іс-шара барысында облыс басшысы статистика саласының қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтап, олардың қоғам мен мемлекеттің дамуына қосып келе жатқан еңбегін жоғары бағалады.
– Бүгін біз Қазақстанның мемлекеттік статистика қызметінің 105 жылдық мерейтойын атап өтудеміз. Осы айтулы мерекемен баршаңызды шын жүректен құттықтаймын! Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы биылғы Жолдауында ел дамуының жаңа басымдықтарын айқындады. Цифрлық даму, инвестиция тарту, экономиканы әртараптандыра отырып, шикізаттық сектордан терең өңдеуді дамытуды тапсырды. Осыған сәйкес статистика жүйесі заман талабына сай жаңарып келеді.
Цифрлық трансформация, деректер сапасын бақылаудың жаңа тәсілдері, ашықтық пен сенімділікті арттыру бағытындағы реформалар — мемлекеттік статистикаға деген қоғам сенімін нығайтып отыр. Статистика – мемлекеттің дамуына нақты дәлел ұсынатын сала, дерек пен сенімді ақпараттың бастауы. Сіздердің қажырлы еңбектеріңіздің арқасында экономика мен әлеуметтік саясат жүзеге асып, маңызды шешімдер қабылданады. Түркістан облысының даму көрсеткіштері де осы сапалы статистикалық деректерге сүйеніп қалыптасып отыр. Сіздер – қоғамның барометрісіздер, — деді Нұралхан Көшеров.

Жиында ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросының Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы Гүлнар Күнтуғанова «Мемлекеттік статистикаға 105 жыл: Қазақстанның ұлттық статистикасы жүйесінің бастауы мен бүгінгі жетістіктері туралы» тақырыбында баяндама жасады.
Ол өз сөзінде ұлттық статистика жүйесінің қалыптасу кезеңдеріне тоқталып, қазіргі уақытта енгізіліп жатқан цифрлық технологиялар, деректер сапасын бақылаудың жаңа әдістері мен ашықтықты арттыру шараларының маңызын атап өтті.
Салтанатты жиында салада ұзақ жыл еңбек етіп, өз кәсібіне адалдық танытқан бірқатар үздік қызметкерлерге облыс әкімінің Алғысхаттары мен марапаттары табыс етілді.
Мерекелік іс-шарада қатысушыларға концерттік бағдарлама ұсынылды.

