Ұлттық банктің базалық мөлшерлемені 18 пайыз деңгейінде ұстап тұру туралы шешімі ел экономикасындағы тұрақсыздықтың әлі де сейілмегенін аңғартады деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Ақша-несие саясаты комитетінің осы жолғы шешімін бас банкир Тимур Сүлейменов елдегі инфляциялық ахуалмен байланыстырды. Ақпан айында жылдық инфляция 11,7 пайызға баяулады. Әсіресе қызмет көрсету саласындағы инфляцияның 12 пайыздан 10,8 пайызға дейін түскені ерекше байқалған. Ал азық-түлік тауарларында көрсеткіш екінші ай қатарынан төмендегенімен (12,7 пайыз), қымбатшылық халықтың инфляциялық күтімін әлі де жоғары деңгейде ұстап тұр.
«Бағаның тұрақталуына қазіргі мөлшерлеме саясатының, тұтынушылық несиелендіру қарқынының баяулау және валюта бағамындағы тұрақтылықтың ықпалы зор болды. Коммуналдық қызмет мен жанармай бағасына қойылған мораторий де инфляцияны тежеуге көмектесті», – деді Сүлейменов журналистермен кездесуінде.
Сонымен қатар…
Төраға елдегі экономикалық белсенділік қарқыны жоғары екенін атап өтті. Оның сөзінше, инвестиция көлемі мен ішкі сұраныстың сақталуы экономикаға қосымша серпін беріп отыр. Бірақ осыған қарамастан, инфляциялық күтімді тұрақты түрде төмендетпейінше, базалық мөлшерлемені төмендету туралы сөз қозғауға әлі ерте екенін ескертті.
«Инфляцияны ауыздықтау және экономикалық тұрақтылықты сақтау үшін қазіргі қатаң ақша-несие саясатын жалғастыру маңызды. Мөлшерлемені төмендету туралы шешім ең ерте дегенде биылғы жылдың екінші жартысында ғана қабылдануы мүмкін», – деді бас банкир.
Таяу Шығыстағы ахуал Қазақстанға қалай әсер етеді?
Сүлейменов сондай-ақ сыртқы факторларға да тоқталды. Оның айтуынша, Таяу Шығыстағы геосаяси жағдайдың шиеленісуі әлемдік нарықта мұнай бағасының тұрақсыздығына әкелген. Ұлттық банктің тың болжамы бойынша, 2026 жылы Brent маркалы мұнайдың орташа бағасы 66,3 долларға дейін көтеріліп, кейін 60 долларға қарай тұрақталмақ.
«Қазақстанның экспорттық түсімінің жартысынан көбі мұнайға тәуелді. Мемлекеттік бюджет пен Ұлттық қордың да негізгі кірісі осы салаға байланған. Мұнай бағасының көтерілуі жалпы экономикаға оң әсер еткенімен, қақтығыстардың ұзаққа созылуы нарыққа кері ықпал етуі мүмкін», – деп ескертті ол.
Тимур Сүлейменов алдағы уақытта да инфляцияны бір таңбалы санға түсіру басты мақсат болып қала беретінін айтып өтті. Орта мерзімді меже өзгеріссіз – 5 пайыз деңгейінде. Ұлттық банктің базалық мөлшерлемеге қатысты келесі шешімі 24 сәуірде жарияланады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







