Қазақ жастарының өнері мен білімі халықаралық деңгейде мойындалғанда, оның қуанышы туған елге ортақ болады. Шымкенттік ақын, жазушы әрі аудармашы Сүндет Сейітовтің кітаптары АҚШ, Ұлыбритания, Австралия және басқа елдердің кітапханалары мен кітап дүкендерінің каталогына енді, – деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Сүндет Сейітовтің жетістігі ұзақ ізденіс пен табандылықтың нәтижесі. Ол шетелдік баспа жүйесін, кітап тарату платформаларын және халықаралық кітапханалардың талаптарын өз бетімен зерттеген. Жүздеген хат жолдап, жауапсыз қалған немесе бас тарту алған сәттерде де жұмысын тоқтатпаған.
2024 жылы жас қаламгер жазғы үйдің құрылысын жүргізіп жүріп, «Drone Show» романын жазуға кірісті. Күндіз құрылыс басында болып, түнде ноутбук алдында отырып, шығармасын үш айда аяқтады. Осы кезеңде жан жарының қолдауы оған үлкен демеу болған.
Роман дайын болған соң автор оны ағылшын тіліне аударып, Америкада жариялау жолдарын іздеді. Ол арнайы бағдарламаны немесе біреудің ұсынысын күтпей, халықаралық әдеби нарыққа өз күшімен шығуға ұмтылды. Сүндеттің айтуынша, оның қолындағы негізгі құрал идея, табандылық және тынымсыз еңбек болған.
АҚШ-тың 31 штатына жеткен үш кітап
Бүгінде Сүндет Сейітовтің үш кітабы АҚШ-тың 31 штатындағы және Вашингтон федералдық округіндегі 198 ірі кітапхана мен кітапхана жүйесінің каталогына енгізілген. Аталған жүйелердің құрамында 1,5 мыңнан астам филиал бар. Шымкентте жазылған шығармалар енді Американың әр түкпіріндегі оқырманға қолжетімді.
Автордың «Unforgotten» өлеңдер жинағы Калифорния университеті мен Австралия ұлттық университетінің кітапхана қорына қабылданған. «Unforgotten» және «Drone Show» кітаптары Ұлыбританиядағы University of Liverpool мен Queen Mary University of London каталогтарына енді. Екі оқу орны да беделді Russell Group құрамындағы зерттеу университеттері саналады.
«Unforgotten» жинағында Отан, махаббат, сенім, естелік және өмір қиындығына қарсы тұру тақырыптары қозғалады. Автор туған жердің сезімін жырлай отырып, адамзатқа ортақ құндылықтарды жеткізуге тырысқан. Сондықтан жинақтың ағылшын тілінде шетелдік оқырманға ұсынылуы айрықша мәнге ие.
Сүндет қазіргі әдеби шығармалармен қатар ортағасырлық шағатай тіліндегі мұраларды қазақшаға аударумен айналысады. Бір бағытта көне түркілік мұраны бүгінгі қазақ оқырманына жақындатса, екінші бағытта қазақ әдебиетін ағылшын тілі арқылы әлемге танытып жүр. Оның шығармашылық жолы өткен мен бүгіннің арасын жалғаған рухани көпірге айналып келеді.
Қазақ кітабы халықаралық сауда жүйесінде
Сүндеттің кітаптары Германия, Швеция, Нидерланды, Швейцария, Франция, Италия және Даниядағы танымал кітап платформаларына енгізілген. Азияда шығармалары Оңтүстік Кореяның Kyobo Book Centre және Aladin жүйелерінде, Жапониядағы Books Kinokuniya Tokyo желісінде ұсынылады. Кітаптар Мексика, Оңтүстік Африка және Австралиядағы кітап дүкендері мен кітапханалар арқылы да таралып жатыр.
Каталогқа ену сырттай қарағанда бір атаудың электронды тізімге қосылуы секілді көрінуі мүмкін. Алайда кітаптың халықаралық кітапхана қорына қабылдануы оның жаңа мәдени және ғылыми кеңістікке ресми түрде кіргенін білдіреді. Ертең сол шығарманы шетелдік студент, зерттеуші немесе қарапайым оқырман тауып оқуы ықтимал.
1998 жылы туған Сүндет Сейітов Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. Сонымен бірге ол 1912 жылы АҚШ-та құрылған The Authors Guild ұйымына қабылданған Қазақстан мен Орталық Азия қаламгерлерінің бірі. Жас автор республикалық және халықаралық әдеби байқаулардың лауреаты атанған.
Сүндеттің жолы мүмкіндік әрдайым дайын күйінде келмейтінін көрсетті. Кейде оған жету үшін ұзақ ізденіп, жаңа жүйені үйреніп, жүздеген хат жазып, бас тартудан кейін қайта әрекет ету қажет. Еңбек пен табандылық қосылғанда, Шымкентте туған ойдың мұхит асып, әлем оқырманына жететініне оның шығармашылық жолы дәлел болып отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







