Күніне екі-үш литр су ішу шынымен қажет пе, әлде оның нақты нормасы жоқ па? Бұл сұрақ салауатты өмір салтын ұстанушылар арасында әлі күнге дейін пікірталас тудырып келеді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Диетологтардың өзі су тұтынудың ортақ ережесі бойынша бір шешімге келе алмай отыр. Олардың ұсынымдары әртүрлі. Тіпті Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мамандары да «күніне 2 литр су ішу» туралы қағиданың маркетингтік айла екенін, нақты медициналық негізі жоқ екенін ашық айтқан.
Сайтымызға пікір білдірген терапевт Мұрат Болатұлы суды ішу режимінің базалық ережелері мен жиі жіберілетін қателіктерге тоқталды.
Дәрігердің айтуынша, суды тұтыну мөлшері әр адам үшін жеке белгіленеді. Бұл адамның өмір салтына, тамақтану тәртібіне, жасына, денсаулығы мен созылмалы ауруларына байланысты.
– Кез келген адамға, соның ішінде толық тамақтануға көшкен балаларға да қажетті минималды сұйықтық мөлшері – тәулігіне дене салмағының әр келі үшін 30 мл. Яғни, салмағы 65 кг болатын адамға тәулігіне шамамен 1,9 литр сұйықтық қажет. Бұл тек су емес, жалпы сұйықтық көлемі, – дейді Мұрат Болатұлы.
Маманның айтуынша, су мөлшерін ауру кезінде, спортпен белсенді айналысқанда, емізулі кезеңде, ыстық ауа-райында және құрғақ климат жағдайында арттыру керек.
– Бұл сұйықтықтың бәрі міндетті түрде таза су болуы шарт емес. Дегенмен, судың өзіндік артықшылықтары көп. Оның калориясы жоқ, қантсыз, ағзаға жылдам сіңеді. Мысалы, ағза қияр сияқты өнімдерден суды өздігінен «өндіріп» алады, – деп атап өтті дәрігер.
Маман таза судың өзге сусындар мен сұйықтықтарға қатынасы 70/30 болғаны оңтайлы екенін атап өтті.
– Әр ішкен бір шыныаяқ кофе немесе қою шайдан кейін бір стақан қосымша су ішу керек. Емізулі әйелдер үшін күнделікті нормаға қосымша екі стақан су қосылады. Сондай-ақ әрбір 15 минуттық қарқынды жаттығудан соң бір стақан, құрғақ бөлмеде отырған кезде тағы бір стақан суды қосымша ішу керек, – деп түсіндіреді дәрігер.
Ауырған кезде…
Су тұтыну мөлшері ауру кезінде де өзгеруі қажет. Дене қызуы көтерілгенде тәулігіне әрбір келі салмаққа 100 мл-ге дейін сұйықтық қажет болса, қызусыз өтетін тұмау, жөтел, мұрын біту жағдайында бұл көрсеткіш 50 мл-ге дейін артады.
Маман су ішкен кезде адамның қалыпты дене салмағы есепке алынатынын ескертеді, яғни артық салмақты алып тастау қажет.
– Су ішу мөлшерін арттырған кезде аяғыңыз, бетіңіз ісініп, қабағыңыз ісінсе, бұл бүйректің шамадан тыс жүктелгенінің белгісі. Ондай жағдайда суды азырақ ішу керек. Ал жиі дәретханаға бару қалыпты құбылыс, бұл шамамен екі аптада реттеледі, – дейді Мұрат Болатұлы.
Дәрігер «суқұмарлардың» жиі жіберетін қателігіне де тоқталды:
«Суды бірден көп мөлшерде ішуге болмайды. Себебі бүйрек бір сағатта 800 мл-ден артық сұйықтықты өңдей алмайды», – деп ескертті маман.
Жүктілік кезінде дұрыс тамақтану болашақ баланың денсаулығына тікелей әсер ететін маңызды фактор. Ғалымдар бұл кезеңде чипсы, сухарик және қуырылған жаңғақ сияқты өнімдерден бас тартуға кеңес береді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







