Батыс Қазақстан облысының прокуратурасы былтырғы су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға көмек көрсету үшін арнайы құрылған «Ақжайық» қайырымдылық қорының жұмысын тексеріп жатыр.
Бұл туралы Ertenmedia «Орал апталығы» порталына сілтеме жасай отырып хабарлады.
Қазір қордың қызметіне байланысты қаражаттың заңды әрі әділ бөлінуі бойынша тергеу амалдары әлі аяқталмаған. Сондықтан тергеу органдары тексерудің толық нәтижесін күту керектігін мәлімдеп отыр.
Бұл қордың құрылтайшысы әрі директоры – БҚО Ішкі саясат басқармасының бұрынғы басшысы Тілекқабыл Имашев. Ол қор жұмысының ашық жүргізілгенін және түскен қаражаттың нақты мақсаттарға жұмсалғанын айтады.
Имашевтың дерегі бойынша, «Ақжайық» қорына су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға көмек ретінде жалпы 73,4 миллиард теңге жиналған. Осы қомақты қаражаттың есебінен облыста баспанасыз қалған отбасыларға 2 011 пәтер сатып алынып, 777 жаңа үй тұрғызылған. Бұған қоса, өңірде 19 бөгет, 6 жол және бірқатар инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым жөнделген.
2025 жылдың мамырына дейін қорда 1 миллиард 263 миллион теңге қалған. Қор директорының айтуынша, бұл қаражат саяжайдағы үйлері жарамсыз деп танылған тұрғындарға сот шешімі шыққан жағдайда жаңа баспана алуға жұмсалады.
Қордың қызметі бойынша қаражатты жинау және бөлу жұмыстары облыстық әкімдікпен тығыз байланыста жүргізілген. Демеушілер мен қор, сондай-ақ әкімдік арасында үшжақты келісім жасалып, қорға түскен қаражаттың мақсатты жұмсалуына облыс әкімдігі тікелей жауап береді.
«Ақжайық» қорының директоры Имашевтың айтуынша, демеушілер өздері бөлген қаржының жұмсалу барысын үнемі бақылауда ұстап отыр. Олар үй сатып алу, құрылыс жұмыстары мен инфрақұрылымды қалпына келтіру процестерін қадағалайды, сондай-ақ, қор ешбір төлемді демеушілердің келісімінсіз жасай алмайды.
Қазір прокуратураның тергеуі аяқталмағандықтан, қордың атқарған жұмысының ашықтығы мен заңдылығы туралы соңғы шешім алдағы уақытта белгілі болмақ.