Жазда суға шомылу кезінде қуаныш пен қауіп қатар жүретіні жасырын емес. Биылғы маусымда жазатайым оқиғалардың басым бөлігі рұқсат етілмеген, жабдықталмаған су айдындарында болып жатқанын ҚР ТЖМ Төтенше жағдайларды жою департаментінің бас маманы Дидар Қажкенов Ertenmedia.kz сайты берген сұхбаттанда қадап тұрып айтты. Білікті маман шомылу маусымында рұқсат етілген жағажайдың артықшылығын, буйкадан аспау, алкогольден аулақ болу, жартастан секірмеу сияқты қарапайым ережелердің өмір сақтайтынын ескертті. Маманның өзге де ақыл-кеңестерін сұхбаттан оқып, біліп алыңыз.
– Дидар мырза, жаз басталса болды жағажайлар мен өзен-көлдерге ағылатын адамдар күрт көбейеді. Биылғы маусымға қандай көңіл-күймен кірдіңіздер?
– Құтақарушылар үшін жаз дегеніңіз тәуекел мол маусым. Соңғы жылдары жазатайым оқиғалардың көбі рұқсат етілмеген, жабдықталмаған су көздерінде болып жүргенін анық көріп отырмыз.
Яғни, шомылудың өзіндік тәртібі мен әдебін әрбір азамат қатаң сақтауы керек. Құтқарушылар оқиға орнына келгенше минуттар саналады. Сондықтан біздер көпшілікке тек рұқсат етілген, бақылауы бар жерде шомылуға кеңес береміз.
Биылғы маусымда басым күшті алдын алу мен түсіндіруге бағыттадық. Қауіпті нүктелер картасын жаңарттық, рейдтерді жиілеттік, ата-аналар мен жастарға арналғын қысқа нұсқаулықтарды жеңіл тілде қайта жазып шығып, тарттық.
– «Рұқсат етілген жер» дегеннің артында нақты қандай қауіпсіздік бар? Адамдарға бұл талап «артық шектеу» болып көрінбей ме?
– Рұқсат етілген жерде су түбі тексерілген, қауіпті иірім мен шұңқыр жоқ жерлерді атайды. Буйкалардың арақашықтығы өлшенген, құтқарушы пост, медициналық қобдиша, байланыс бар жерлерді атайды. Қарапайым осы детальдар адам өмірін сақтайтынын кейбір адамдар түсіне бермейді. Ал жабдықталмаған жерде бәрі белгісіз. Бір қадамнан кейін су айдынының түбі күрт тереңдеуі мүмкін. Лайсаң судың астында темір сынығы, арқан, балық аулау ілмегі жатуы мүмкін. Мұндай жерге шомылу өте қауіпті.
– Айтыңызшы, ресми ескертуге қарамастан, «қауіпті жерлерде» шомылуды таңдайтындар қарасы неге азаймай тұр?
– Оған себеп көп. «Жақын жерде су бар еді», «Достарым осында шомылып жүр», «Жолға шығындалғым келмейді», «Адам аз, тыныш» деген сөздерді адамдардың аузынан көп естиміз. Бұған смартфонмен «тікелей эфирге» шығып, ерлік көрсеткісі келетіндердің әрекетін қоссаңыз да болады. Ең сорақы фактор – алкоголь. Өз басым су мен алкогольдің дос болғанын көрген емеспін. Ішімдік ішіп суға түскендердің бұлшықетінде тонус төмендеп, суыққа берілгіштік артатынын көп адам біле бермейді. Мұның соңы қайғылы жағдайларға душар қылатыны жасырын емес.
– Балалар қауіпсіздігі – бөлек әңгіме. Бұл бағытта нақты қандай жұмыстар жүргізіп жатырсыздар?
– Балалар шомылғанда ата-ана көз жазбай қадағалауы керек. «Қасында едім» деген өкінішті сөздері жиі естіиміз. Бірақ ата-ана жүз метр жерде көрпе жайып, телефон шұқылап отыратындарын өздері де аңғармайды.
Балалардың суға түсуіне қатысты біз ұсынатын нақты өлшем бар. Ertenmedia.kz сайтының аудиториясын пайдаланып, соны оқырмандардың есіне салғым келеді. Басты қағида 5-6 жас аралығындағы балалармен ата-ана бірге шомылуы керек. Екінші қағида балалар шомылған кезде жүзу жилетін міндетті түрде кигізу керек. Ал шомылу үйреніп жүрген балаға шеңбер, қолғап түріндегі үрлемелі бұйымдар емес, дәл өлшемдегі жилет керек.
Тағы айта кететін мәселе, суға шомылудың ережесін балаға қорқытып емес, түснікті тілмен жеткізген жөн. Буйкадан аспау, «тереңдік жарысына» қатыспау, үлкеннің рұқсатынсыз суға секірмеуді де балалардың құлағын құйып отыру артықтық етпейді.
– Суға секіру демекші, адамдар жартастан, көпірден суға секіріп жатқанын жиі көреміз…
– Бұл әдемі кадр үшін жасалған ең қауіпті трюктердің бірі ғой. Түбі көрініп тұрған судың өзінде жарық сыну құбылысы бар. Бізге жақын көрінген түп шын мәнінде тереңде, не керісінше. Ал суы лай, түбі белгісіз жерде тастың, бөрененің, арқан жатуы мүмкін.
Бас-омыртқа жарақаты судағы секіруден кейін орын алатын ең ауыр салдардың бірі. Сондықтан суға секіруге әсте болмайды.
– Өзен мен көлдің мінезі әртүрлі. Көп адамдар оны айыра алмайтыны белгілі. Бұл жайында да аз-кем кеңес бере кетсеңіз?
– Көлде көбіне жел, толқын, термоклин орын алады, сонымен қатар су қабаттарының температурасында өзгешелік бар екенін естен шығармау керек. Адам «беткі су жылы екен» деп тереңге кетсе, дене бірден суық соққы алады. Нәтижесінде тыныс тарылып, аяқ сіреседі. Ал өзендегі жағдай басқа. Кейбір өзендердің ағысы жайлы, су беті тыныш көрінгенімен, астында кері ағым болады. Әсіресе гидротехникалық нысандарға, көпір тіректеріне, құламаларға жақындау қауіпті. Бұл жерде де ереже қарапайым – шомылу кезінде белгіленген аумақтан шықпау керек. Ағын суда ұзаққа жүзу қауіпті, шаршағаныңызды сезсеңіз, бірден жағаға шығу керек.
– Қайық, гидроцикл, SUP-пен байланысты тәуекелдар жайында ақпарат бере кетсеңіз?
– Су көліктеріне тым жақын жүзбеген жөн. Бұл адам баласының өмір сақтайды. Қайықтан пайда болған толқын әлсіз жүзушіні кері итеріп жібереді. Ал бұрылып келе жатқан гидроцикл сізді судан көрмей қалуы мүмкін. Су бетінде жүрген барлық құралдың ортақ талабы бар – жилет кию, жағалаудан алысқа шықпау, ауа райы нашарласа шомылуды дереу тоқтау қажет. SUP-пен алысқа кетуге де болмайды.
– Шомылып кезінде оқыс оқиға орын алғанда кез келген адам қалай әрекет етуі керек?
– Бірден 112-ге қоңырау шалу қажет. Екіншіден өз өміріңізді қатерге тікпеңіз. Суға секіріп, «батқаны құтқарам» деген ниет екі адамның да қаза болуына әкеп соғуы мүмкін.
Суға батып бара жатқан адамға арқан, белдік, пластик бөтелке тізбектеп лақтыруға болады. Егер қайық болса жүзіп барып, ескекті пайдалануға болады.
Суға батқан адамды жағаға шығарғаннан кейін ес-түссіз болса, тыныс алуын тексеріп, қажет болса, жүрек-өкпе реанимациясын бастау керек. Жалпы, мұндай дағдыларды кез келген қысқа курсқа қатысып, үйреніп алуына болады. Бірнеше сағаттық оқыту сізге өмірді сақтайтын сенімділік береді.
– Қорытынды ретінде ең маңызды ережелерді тағы бір рет айтыңызшы.
– Қысқа әрі нақты айтайын, тек арнайы рұқсат етілген жерде шомылу керек! Тыйым салынған белгіні көрсеңіз – өзіңізді де, жақыныңыздағы серігіңізді де ол жерде қалдырмаңыз. Сонымен қатар алкоголь мен су үйлеспейтінін естен шығармаңыз. Буйкадан асып кетуге әсте болмайды. Көпірден секіріп, су көлігіне жақындау да қауіпті. Ең бастысы баланы қараусыз қалдыруға болмайды!
– Әңгімеңізге рахмет!