Сыр өңірінде биылғы егіс маусымы бұрын-соңды болмаған сын-тегеуріндермен бетпе-бет келді. Су тапшылығы, климаттың күрт өзгеруі шаруаның тынысын тарылтқаны анық. Осындай жағдайда күріш егетін шаруаның әр күні есепке құрып, әр литр суды бағалауға итермеледі. Мемлекет тарапынан жасалған қолдау, көрші елдермен жүргізілген су дипломатиясы, жаңа технологияларды енгізу жұмыстың кері кетпеуіне септескені анық. Осы ретте Ertenmedia.kz сайтының аймақтағы тілшілері Қызылорда облыстық күріш өндірушілер және өңдеушілер қауымдастығының президенті, «Қазақстанның Еңбек Ері» Абзал Ералиевпен сұхбаттасып, су тапшылығының салдары, жаңа ғылыми ізденістер, егіс көлемін оңтайландыру, кадр дайындау мәселесі жайында сұрап, тартымды сұхбат алған еді. Енді сол сұхбатты оқырмандарымыздың назарына ұсынамыз.
– Абзал Жұмашұлы, биылғы егіс маусымында Сыр өңірінде судың жетіспеуі негізгі қиындық айналғанын білеміз. Мұндай ахуалдың орын алуына климаттың әсері ме? Әлде біз білмейтін басқа да себептері бар ма?
– Негізгі мәселе климаттан болып тұр. Қар аз, мұздық ерте шегініп, Сырдарияның арнасы жаз ортасында-ақ тарылып қалды. Бірақ біз табиғатты кінәлап отыра алмаймыз. Егісті суға шақтап, көлемді нарыққа керек мөлшерге дейін ықшамдап, әр литрді есеппен жұмсауға көштiк. Жаңа жағдайға бейімделу тығырықтан шығудың ең дұрыс жолы деп есептеймін.
– Осы оқиғадан кейін Үкімет жедел қолдау шараларын қолға алғанын естіп жатырмыз. Қызылордалық шаруалар қандай көмек-қолдауға ие болды?
– Үкімет резервінен шамамен 1 млрд теңге бөлініп, 53 мобильді насос станциясы жеткізілді. Су деңгейі төмендеген сәтте алқаптарға ағын жеткізудің инженерлік шешімі болды. Оған қоса құтқарушылар (ТЖМ) қосымша насос, техника, мамандармен келіп, алқаптарға миллиондаған текше метр суды айдап берді. Мұндай қолдаудың арқасында ең тәуекелді кезеңді шығынға батпай аман-есен шықтық десек болады.
– Қазір су жеткілікті ме? Фермер «ертең су болады ма?» деген белгісіздікпен отырған жоқ па?
– Қазір облыс бойынша суару барысы кестеге сай жүргізілуде. Бес магистральдық және үш шаруашылықаралық канал арқылы алама-кезек су берілуде. Жалпы 98% егіс осы кестеге сай суарылуда, сонымен қатар қосымша 320-дан аса сорғы қондырғысы іске қосылған. Бұл – тұрақтылықтың негізгі кепілі десек болады.
– Су мәселесіне қтысты көрші елдермен жүргізілген келіссөздердің нәтижесін сездіңіздер ма?
– Иә, биыл су дипломатиясының пайдасын көрдік. 15 тамызға дейін Өзбекстаннан секундына 200 м³, Қырғызстаннан 150 м³ ағын жіберу туралы уағдаластық болды. Осындай нақты көрсеткіштер вегетациялық кезеңді толықтай аяқтау мүмкін болды.
– Бүгінде Сырдария ауданындағы «Мағжан и К»-ның тәжірибесі жиі айтылады. Ол жердегі іс-тәэірибе жайында оқырмандарға аз-кем айтып беріңізші?
– Ол шаруашылық жерді лазерлік тегістеу технологиясымен жүргізілген болатын. Нәтижесінде су біркелкі жайылады, ысырап азаяды. Аудан бойынша жоспарланған 674,2 млн м³ судың 458,5 м³-і, яғни 68%-ы жеткізілгені – осындай технологиялардың тиімділігін де көрсетеді. Әр гектардың өзіндік құнын төмендетіп отыр. Алдағы уақытта осындай инженерлік шешімдерді өзге шаруашылықтар қолдануы керек деп есептеймін.
– Сыр бойындағы шаруалар «су бар кезде ғана күріш бар» деп әңгіме айтатынын жақсы білеміз. Жаңбырлатып суару, қайта айналым, коллектор суы күріш алқаптарына қаншалықты көмектеседі?
– Биыл коллектор-дренаж суларын уақытша пайдалану, тасымалды насос станциялары, қайта айналым схемалары нақты нәтиже берді. Құтқарушылардың тәулік бойғы жұмысы арқасында ондаған миллион текшеметр су алқаптарға айдалып, өсімдік күйзелісін жұмсартты. Бұл – маусымдық «жедел жәрдем», бірақ жүйелік шешім – каналдарды жаңғырту мен автоматтандыруға барып тіреледі.
– Абзал Жұмашұлы, күріш сорты турасында ақпарат берсеңіз. Ерте пісетін күріш сұрыптарын енгізу шаруаларға не береді?
– Күріш өсіру Сыр елінің несібесі, талай буынның маңдай терімен қалыптасқан дәстүрлі шаруашылығы десек болады. Алайда соңғы жылдары табиғаттың қаталдығы, судың азаюы бұл саланы бұрынғыдай кең тыныспен жүргізуге мүмкіндік бермей отыр. Әр литр судың, әр гектар жердің құны артқан кезеңде ауылдағы еңбек адамдары жаңа жол іздеуге мәжбүр. Сол жолдардың бірі – ерте пісетін күріш сұрыптарын өндіріске енгізу. Бұл бағытта Ыбырай Жақаев атындағы ғылыми-зерттеу институтымен бірлесіп жұмыс жүргізіліп келеді.
Жаңа сұрыптардың артықшылығы – олардың 100-110 күн ішінде толық пісіп шығатындығында. Бұл дегеніңіз күздің соңғы суына тәуелді болмай, өнімді ертерек жинап алуға болады. Су тапшылығы жағдайында мұндай технологиялық басты артықшылық шаруаның мойнындағы ең үлкен тәуекелді азайтады. Егер дәстүрлі сорттар ұзақ мерзімді күтімді қажет етсе, ерте пісетін күріш қысқа уақытта өнім беріп, шаруаның шығыны мен тәуекелін де төмендетеді.
– Бұл бағытта шаруалар өз кәсібін ғылыммен ұштастыруы керек сияқты. Қарапайым еңбек адамдары мұны түсініп отыр ма?
– Бүгінде ауыл шаруашылығы саласында ғылымсыз алға жылжу мүмкін емес. Мұны жақсы түсінген Сыр бойының диқандары институт ғалымдарымен бірге жұмыс істеп, жаңа сорттарды тәжірибелік алқаптарға егіп көрді. Әр күн, әр апта бақылауда болды. Қанша су қажет, қалай көктейді, қандай күтім керек – бәрі есепке алынды. Бұл деректер кейін шаруаларға нақты бағдар болмақ. Яғни, ғылымға арқа сүйеген егінші «соқыр тәуекелге» емес, нақты дерекке сүйеніп шешім қабылдайды.
Ресей мен Өзбекстанда да қысқа мерзімді вегетациялық кезеңі бар сорттар кең таралуда. Себебі судың жетіспеушілігі тек Қазақстанда емес, бүкіл аймақта ортақ проблемаға айналып отыр. Ғалымдар климаттың жылынуы жыл сайын вегетациялық кезеңді қысқартып, дақылдардың бейімделуін қажет ететінін алға тартады. Демек, Сыр диқандарын құтқаратын ғылымға сүйенген осында әрекеттер болмақ.
Ерте пісетін күріш сорттары тек суды үнемдеп қоймайды, шаруаның экономикасына да оң әсерін тигізеді. Уақтылы жиналған өнім сапасы жоғары болады, ылғалға күйіп кетпейді, нарыққа да ертерек жеткізіледі. Бұл – шаруаның қаржылық айналымын жақсартатыны анық. Қарапайым тілмен айтқанда, ерте пісетін күріш шаруаға табысын ерте көруге мүмкіндік береді. Ал өнім тез жиналған сайын келесі жылға дайындық та ерте басталады.
– Абзал Жұмашұлы, соңғы уақыттары «Егістің көлемін қысқарту керек» деген пікіріңіз шаруалар арасында түрлі реакция тудыруда. Осы мәселеге түсініктеме бере кетсеңіз?
– Бізде көптеген шаруалар егістік көлемін арттыруды – табыстың, өркендеудің көрсеткіші деп қабылдайды. Бірақ қазіргі климат пен су тапшылығы жағдайында бұл ұстаным ескірді. Меніңше, енді кезекте әңгіме көлем жайында емес, сапа жайлы болуы керек. Өйткені су азайған заманда әр гектардың ар жағында үлкен тәуекел жатыр.
Егісті азайту деген сөз – ауылды тоқыратып тастау емес. Керісінше, барды тиімді пайдалану, өнімнің сапасын көтеру, су шығынын үнемдеу. Судың тапшылығын мойындап, ерте пісетін сорттарға, тамшылатып суғаруға, лазерлік тегістеу технологиясына көбірек көңіл бөлетін кез жетті. Яғни, әлемдік тәжірибе де біздің бағытымыздың дұрыстығын көрсетеді.
Мәселен, күрішті үлкен аумаққа егу – артық су талап етеді. Ал сол суды уақытында ала алмасаң, бір емес, бірнеше гектардың өнімі күйіп кетуі мүмкін. Мұндай шығынның орны толтыру мүмкін емес. Керісінше, аз көлемде болса да суы жеткілікті, күтімі дұрыс, агрономиясы сауатты алқап мол өнім береді.
Көлемді қысқарту – артқа шегіну емес, алға жасалған ақылды қадам. Әр гектардан алынған сапалы өнім ғана ауылды да, елді де азық-түлік қауіпсіздігімен қамтамасыз ете алады. Жағдайды дұрыс бағалап, көлемнен гөрі сапаны таңдаған шаруа ұтылмайды.
– Салада кадр мәселесі қалай шешімін табуда? Техника бар, бірақ оны жүргізетін маман тапшы деген әңгімені әр жерден жиі естиміз…
– Соңғы жылдары елімізде ауылға жаңа техника жеткізілгенімен, оны дұрыс меңгеретін, әрбір тетігін білетін, қателіксіз басқаратын кадр тапшылығы қатты сезілуде. Әсіресе суармалы егіншілік пен күріш шаруашылығында бұл мәселе айқын көрінеді. Су айдау, канал тазалау, насос орнату – барлығы да бір ғана механиктің қолынан келмейді. Мұнда агроном да, гидротехник те, инженер де бір тілде сөйлеп, жұмыс істеуі керек.
Меніңше, мұндай мәселені сырттан кадр күтіп шешу мүмкін емес. Әр шаруашылықтың өз ішінде оқыту орталығын құрып, жұмысшыларды қысқа мерзімді курстардан өткізу – ең дұрыс жол. Қазірдің өзінде шаруашылықтар сервистік компаниялармен бірлесіп, далалық тренингтер ұйымдастырып келеді. Яғни, теория қағаз бетінде емес, егістіктің басында үйренген жөн. Мұндай тәжірибе жұмысшыға да, фермерге де пайдалы. Жаңа техниканы қолымен ұстап, көзімен көріп, қателігін дер кезінде түзетуге мүмкіндік алады.
Біздің колледждер мен жоғары оқу орындарының бағдарламалары әлі де ескі форматта қалып қойған. Онда «заманауи ферма» талап ететін модульдер жоқтың қасы. Студенттер кітаптан теорияны оқығанымен, практикаға келгенде қиналып қалады. Сондықтан оқу бағдарламасына жаңа модульдер енгізу – уақыт талабы.
– Күзгі нәтиже жайында сақтықпен болса да болжам айта аласыз ба?
– Биылғыдай қыспақта да өнім алуға мүмкіндік бар. Су дипломатиясы, насоспен тасымал, лазерлік тегістеу, ерте пісетін сорттар – осының бәрі тәуекелді тарқатып, өнімді сақтауға қызмет етті. Артта қалған қиын күн – тәжірибе. Күзде қамбаға түскен әр қап күріштің артында сорғының ызыңы, каналдың тәртібі, механизатордың маңдай тері, агрономның есебі тұрары хақ.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Жарбол КЕНТҰЛЫ