Қазақстанда жаңа жылдан бастап азаматтардың жасырын табысы жанама әдіспен тексерілетін болады, деп хабарлайды Ertenmedia.
Қаржымин Мәди Тәкиев қол қойған бұйрық 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді. Жаңашылдық жаңа Салық кодексінің негізгі бағытының бірі.
Жанама тәсілдің түпкі мәні азаматтың ресми табысы мен оның шынайы шығындарын салыстырып, жасырын табысты әшкерелеу.
Қарапайым тілмен айтқанда, салық органдары адам көрсеткен ресми кірісі оның шығындарымен сәйкес келмесе, жылжымайтын мүлік, автокөлік және өзге де активтерінің құнына қарап, нақты табысын анықтайды.
Әлгі әдіс мынадай жағдайда қолданылады:
- Азамат декларацияда көрсеткен табысы өз иелігіндегі мүлікке жұмсалған шығыннан аз болса;
- Есеп жүргізу тәртібін бұзса немесе қажетті құжаттарын жоғалтса;
- Кәсіпкер ретінде тіркелмегенімен, іс жүзінде кәсіпкерлікпен айналысса.
Салық қызметкерлері азаматтың банктегі есепшотына түскен қаражат айналымын, жылжымайтын және жылжымалы мүлікке жұмсаған шығындарын, оқу ақысы, медицина, сақтандыру, бағалы қағаздар секілді қаржы операциясын мұқият тексереді. Бұған қоса шетелдегі табысы мен меншігі, өзге мемлекеттік органдар мен халықаралық құрылымдардың мәліметі де назарға алынады.
«Егер азаматтың салық есебінде көрсетілген табысы жеке тұтыну шығыны мен мүлік сатып алуға кеткен қаржысымен сәйкес келмесе, мемкірістер органдары шығындар негізінде оның шынайы табысы мен тиісті салығын есептейді. Бұл ретте бұрынғы жылдағы табыс та есепке алынады», – делінген құжатта.
Егер азаматта иелігіндегі мүлікке қатысты ешбір құжат болмаса, нарықтағы орташа бағасы негізге алынады. Бұл бағаны тәуелсіз бағалаушылар бекітеді.
Айта кетейік, 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда жаңа Салық кодексі толыққанды күшіне енеді. Соңғы уақытта халық салық заңнамасына қатысты ақпаратты жиі іздей бастаған. Google іздеу жүйесінде ҚҚС төлеу тәртібі, есепке тұру ережесі секілді сұрақтар көбейген.
Ұлттық экономика министрлігі бекіткен 2026-2028 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамында халықтың табысы өсетіні айтылған. Құжатқа сәйкес, 2028 жылы елдегі орташа жалақы 604 963 теңгеге жетуі тиіс. Салыстыру үшін айтсақ, биыл осы көрсеткіш 423 133 теңге деңгейінде.
Тұшымды контентті Ertenmedia-ның телеграм арнасынан оқыңыз.

