Қазақстанда банктегі ақша айналымын бақылаудың жаңа ережелері бекітілді, деп хабарлайды Ertenmedia.
Қаржы министрі Мәди Тәкиев қол қойған құжатқа сәйкес, 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап банктер Қаржымин-нің Мем.кірістер комитетіне клиенттің есепшоты туралы деректі жаңа талап бойынша өткізеді.
Жаңа ережеге сәйкес, банктер жеке және заңды тұлғалардың есепшоты мен онда сақталған қаражат, ақша қозғалысы және кәсіпкерлік белгісі бар операциялар туралы ақпаратты мемлекеттік органдарға ұсынады.
Банктер міндетті түрде өткізетін мәліметтің бірнеше формасы нақтыланған:
- клиенттердің есепшоты, шоттағы ақшаның қалдығы туралы мәлімет;
- есепшоттағы ақшаның кірісі мен шығысы туралы толық дерек;
- активтері мен мүлігі туралы декларация тапсыруға міндетті азаматтардың алған кредиті мен олардың қайтарылу сомасы туралы ақпарат;
- электронды саудамен айналысатын кәсіпкерлердің есепшотындағы ақша қозғалысы туралы мәлімет.
Сондай-ақ, жеке тұлғаның банк операцияларын кәсіпкерлік қызметтен түскен табыс ретінде танудың нақты критерийлері белгіленген.
Егер жеке тұлғаның есепшотына басқа адамдардан кәсіпкерлік белгісі бар төлемдер түссе, банктер бұл операциялар туралы тоқсан сайын есеп береді.
Қаржы ұйымдары жыл сайын қорытынды мәліметті есепті жылдан кейінгі жылдың 31 наурызына дейін, ал тоқсандық ақпаратты есепті кезеңнен кейінгі айдың 15-іне дейін тапсыруы тиіс.
Банктер деректерді Мемлекеттік кірістер комитетінің «Smart Data Finance» ақпараттық жүйесі арқылы қазақ және орыс тілдерінде жібереді. Егер жүйеде техникалық ақау болса, қаржы ұйымдары бес жұмыс күн ішінде мәліметті CD-дискпен қосымша хат арқылы тапсыра алады. Мұндай техникалық қиындықтар Мемлекеттік кірістер комитетінің сайтында ресми жарияланады.
Құжат Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі, Ұлттық банк пен Ұлттық статистика бюросымен келісілген.
Тұшымды контентті Ertenmedia-ның телеграм арнасынан оқыңыз.
Табысыңды табамын: Қаржыминнің қазақстандықтарға жасаған соңғы ескертуі

