Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Тәуелсіздік күнімен құттықтап, егемендіктің ел өміріндегі тарихи мәнін атап өтті, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
«Бүгінгі мерекенің халқымыз үшін орны ерекше. Қазақстанның егемендік жолын таңдауы ерікті әрі түпкілікті шешім болды. Тәуелсіздік бәрінен қымбат құндылық. Осы ұстанымға берік болу өткен буын алдындағы борышымыз, болашақ ұрпақ алдындағы парызымыз», – деді Мемлекет басшысы.
Президент ел азаматтарының бірлігі мен жасампаз еңбегі, қоғамдағы келісім мен тұрақтылықтың арқасында Қазақстан тәуелсіздігін нығайтып, биік белестерді бағындырғанын атап өтті.
«Әлем күрделі сын-қатерлер мен жаңа мүмкіндіктерге толы жаңа тарихи дәуірге қадам басты. Осындай жағдайда біз жас әрі жаңашыл ұлт ретінде болашаққа сеніммен қарауымыз қажет. Бірлігімізді бекемдеп, еліміздің әлемдік аренадағы беделі мен бәсекеге қабілеттілігін арттыру ортақ мақсатымыз. Қазақстанның гүлденген мемлекетке айналуы сіз бен біздің бірлескен еңбегіміздің нәтижесі болмақ. Бүгін қолға алынған ауқымды реформалар елімізді табысқа жеткізетініне сенемін. Жан-жақты жаңғыру жолынан айнымай, әділетті, қуатты әрі қауіпсіз Қазақстанды бірге құрайық», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент барша азаматтарға амандық, бақ-береке және толағай табыс тіледі.
«Қастерлі Тәуелсіздігіміз мәңгілік болсын!» – деді Мемлекет басшысы өз құттықтауында.

