Еліміздің орталық өңірлерін Қытаймен жалғайтын стратегиялық маңызы зор «Қалбатау–Майқапшағай» күре жолының құрылысы аяқталып, қозғалыс ашылды, деп хабарлайды Ertenmedia.
Жалпы ұзындығы 415 шақырым болатын халықаралық дәліздің құрылысы толықтай жаңартылып, ел игілігіне берілді.
Тәуелсіздік алғаннан бері 30 жыл бойы жөндеу көрмеген жолдың бойына 37 көпір, екі жолайрық, екі жол өткелі, 349 су өткізгіш құбыр мен бес демалыс алаңы салынған.
Жоба президент Тоқаевтың тапсырмасымен, елдің транзиттік әлеуетін арттыру мақсатында іске асырылып отыр.
Жобаны қаржыландыруға Қытайдың Экспорттық-импорттық банкі мен республикалық бюджеттен қаражат бөлінген.
Абай облысының әкімі Берік Уәли жолдың ашылу рәсімінде дәліздің өңір үшін маңызы зор екенін атап өтті.

«Президент Қазақстан халқына Жолдауында өңірлер арасындағы көлік байланысын нығайтуға ерекше назар аударған болатын. Бұл дәліз ел үшін ғана емес, Абай облысы үшін де тарихи маңызы бар жоба. Облысымыздың Жарма, Көкпекті және Ақсуат аудандары арқылы өтетін жол туризмді дамытуға, экономиканың өсуіне үлкен серпін береді. Республика күні қарсаңында пайдалануға берілген осы жол халықтың көптен күткен қуанышы», – деді облыс әкімі.
«ҚазАвтоЖол» ҰК басқарма төрағасы Дархан Иманашев болса, «Қалбатау–Майқапшағай» трассасы Қазақстанның орталығы мен шығыс өңірлерін Қытай шекарасымен байланыстыратын маңызды инфрақұрылым екенін айтты.
«Бұл жоба арқылы Қазақстанның транзиттік әлеуеті артады. Халықаралық байланыс нығайып, өңіраралық қатынас жақсарады. Жол қозғалысының қауіпсіздігі мен жайлылығы артады. Бұның бәрі ел экономикасын тұрақты дамытуға ықпал етеді», – деді ол.
Жоба құрылысына негізінен отандық материалдар пайдаланылған.

Жол бойына 2,4 млн тонна асфальт төселіп, 1,3 млн текше метр қиыршық тас жұмсалды. Жұмысқа жергілікті халық тартылып, 1800-ден астам маман мен 1100-ден астам техника жұмылдырылған.
Бұдан бөлек, биыл Абай облысында жергілікті маңызы бар жолдарды жөндеуге де ерекше көңіл бөлінген. Ұзындығы 408 шақырым болатын облыстық және аудандық жолдар мен елді мекен көшелерін жөндеуге қаржы қарастырылған. «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында 63 шақырым ауылішілік жолдар жөнделуде. Семей мен Курчатов қалаларында ондаған көшеге жаңа асфальт төселіп жатыр.