Төлеби ауданына қарасты Тағайна ауылында алғашқы медициналық көмек көрсетуге арналған фельдшерлік-акушерлік пункт пайдалануға берілді, деп жазады Ertenmedia.kz.
. Ашылу салтанатына аудан әкімі Еркеғали Әлімқұлов қатысып, ауыл тұрғындарын маңызды әлеуметтік нысанның ашылуымен құттықтады.
Іс-шара барысында аудан әкімі Мемлекет басшысының халыққа қолжетімді әрі сапалы медициналық қызмет көрсету жөніндегі тапсырмасына сәйкес, аудан аумағында денсаулық сақтау саласын дамыту, әсіресе ауыл тұрғындарына алғашқы медициналық көмекті жақындату бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті.
Жаңа медициналық пункттің негізгі мақсаты – ауыл тұрғындарына алғашқы медициналық-санитариялық көмекті уақытылы әрі сапалы көрсету. ФАП тәулігіне 12 адамды қабылдайды. Сонымен қатар нысанның іске қосылуы нәтижесінде 3 жаңа жұмыс орны құрылды.
Ғимарат заман талабына сай салынып, барлық қажетті медициналық құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Жобаның жалпы құны – 62 миллион теңге. Құрылыс жұмыстарын «Нефтестроймонтаж» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізді.
Ауыл тұрғындары медициналық нысанның салынуына қолдау көрсетіп, елді мекенде алғашқы медициналық көмектің қолжетімді болуына жағдай жасағаны үшін аудан әкімдігіне алғыстарын білдірді.

