СҚО-ның Тайынша қаласында жемшөпке жарамсыз сабаннан экологиялық құрылыс панельдерін өндіретін еліміздегі алғашқы тәжірибелік-өнеркәсіптік өндіріс іске қосылды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Жаңа технология экологиялық құрылыс жүргізуге, ауыл шаруашылығы қалдықтарын қайта өңдеуге және жергілікті өндірісті дамытуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар бұл жоба Қазақстандағы ғылымды қажетсінетін өндірісті дамытуға және импортты алмастыру деңгейін арттыруға ықпал етеді.
Өндірістің ашылу салтанатына Солтүстік Қазақстан облысы мен Тайынша ауданының өкілдері, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ғалымдары, өңірдің ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының басшылары, жоба инвесторлары, сондай-ақ білім және ғылым саласының мамандары қатысты.
Тайыншада іске қосылған өндіріс – жемшөпке жарамсыз сабаннан экопанельдер мен престелген құрылыс плиталарын шығаратын тәжірибелік-өнеркәсіптік желі. Бұл – инжинирингтік орталық құруға арналған мегагрант аясында ЕҰУ ғалымдары әзірлеген ғылымды қажетсінетін технология. Өндірістік желіде құрылыс пен жылу оқшаулауға арналған экологиялық плиталардың алғашқы партиялары шығарылады. Жоба жергілікті шикізатты – жемшөпке жарамсыз сабанды – сұранысқа ие құрылыс материалдарына айналдыруға мүмкіндік береді.

KZ.ECO desk сауда белгісімен шығарылатын өнімдердің беріктігі мен ылғалға және отқа төзімділік көрсеткіштері аккредиттелген зертханаларда расталған. Өнім бағасы сапасы жоғары деңгейде сақтала отырып, ұқсас материалдардан (ДСП, OSB) 1,5–2 есе арзан. Әзірлеме Қазақстанда («Қазпатент») патенттелген және РСТ халықаралық патенттеу жүйесімен мақұлданған.
Жаңа өнімге деген қызығушылық жоғары
Қазақстанда ағаш-жоңқалы плиталар өндіретін кәсіпорындар болғанымен, негізгі шикізат – ағаш әлі күнге дейін импортталады. Ал KZ.ECO desk экоплиталары тек аграрлық қалдықтардан өндіріледі. Бұл шикізат импортына тәуелділікті азайтып қана қоймай, өнімнің өзіндік құнын төмендетуге, жергілікті агроөнеркәсіптік және өндірістік әлеуетті, сондай-ақ ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыруға бағытталған ғылымды қажетсінетін өндірістерді дамытуға серпін береді.
Зертханалық сынақтар нәтижесінде ғалымдар тәжірибелік үлгілерді жасап шығарды. Өнімге деген қызығушылық халықаралық көрмелерге шақырулармен және инвесторлар ұсыныстарымен расталуда.
Өндірістің Тайыншада орналасу себебі – өңірде сабан қалдықтарының мол шоғырлануы. Сонымен қатар аудан теміржол желілерін қоса алғанда, дамыған логистикалық инфрақұрылымға ие, бұл дайын өнімді таратуды жеңілдетеді.
Жоба инвесторлардың қолдауымен және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Құрылыс-техникалық инжиниринг орталығы тарапынан жүзеге асырылуда. Бұл өндірісті кешенді дамытуға және оны өңір экономикасына тиімді интеграциялауға мүмкіндік береді.

