Оң жақ рульді таксиге тосқауыл қойылды. Қазақстанда 70 мың автокөлік платформаға кіре алмайды деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
2024 жылы Ішкі істер министрлігі, «Яндекс.Такси» және inDrive компаниялары өзара әріптестік жөнінде меморандумға қол қойып, ел аумағында оң жақ рульді көліктердің такси ретінде қолданылуын кезең-кезеңімен тоқтатуды бастаған еді. Бұл туралы депутаттық сауалға берген жауабында Премьер-министрдің орынбасары Роман Скляр еске салды.
Оның айтуынша, әлгі қадам жолаушылар тасымалының қауіпсіздігін арттыруға бағытталған. Жүргізілген жұмыстар нәтижесінде бүгінде интернет-платформаларға оң жақ рульді 70 мыңнан астам көліктің кіру мүмкіндігі шектелген.
- Осы бағыттағы жұмыстар аясында бірқатар заңнамалық өзгерістер де әзірленді. Атап айтқанда:
- Рулі оң жақтан сол жаққа ауыстырылған көліктердің такси ретінде пайдаланылуына толық тыйым салынады;
- Қалааралық жолаушы тасымалында жүргізушілердің жұмыс және демалыс режимін бақылау құрылғыларын орнату міндетті болады;
- Интернет-агрегаторлар тасымалдаушылардың заң талаптарына сәйкестігін бақылауға міндеттеледі;
- Ақпараттық-диспетчерлік такси қызметтерінің жұмысы рұқсат алу тәртібіне көшеді.
Сонымен қатар, Үкімет жол қозғалысы ережелерін сақтау үшін жүргізушілерді ынталандырудың жаңа жүйелерін енгізбек.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







