Бүгін Талдықорғандағы Тіл сарайында ветеринария қызметкерлері күніне арналған мерекелік жиын өтіп, онда сала еңбеккерлері марапатталды. Сол сияқты аудан-қалалардағы ветеринарлық станцияларға автокөліктердің кілті тапсырылды,- деп хабарлайды Ertenmedia
Мал дәрігерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтаған облыс әкімінің бірінші орынбасары Әлібек Жақанбаев ветеринарияның ел өміріндегі маңызына тоқталып, сала қызметкерлеріне алғысын жеткізді.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында «Мал басының амандығы және өнімділігі жергілікті ветеринарлардың тиімді жұмысына байланысты. Бұл, түптеп келгенде, ауылдағы ағайынның әл-ауқатына тікелей әсер етеді» деп атап өтті. Ветеринария қызметі қазіргі заман талабына сай болмаса, ауыл шаруашылығының өнімділігін арттыру мүмкін емес. Сондықтан осы салада жүйелі жұмыс атқарылуы тиіс. Бұл ретте облыс әкімдігі тарапынан ветеринария саласының материалдық-техникалық жағдайын жақсартуға тұрақты түрде көңіл бөлініп келеді. Жыл басынан облыста төрт түлік мал саны 4%-ға өсіп, 2,8 миллионға жетті. Бұл орайда ветеринар мамандардың еңбегі зор, – деді Әлібек Әскербекұлы.
Өз кезегінде облыстық ветеринария басқармасының басшысы Нұрлан Жамаубаев сөз сөйлеп, салада атқарылып жатқан жұмыстар жайлы баяндады. Оның айтуынша, облыс аумағында жыл басынан жануарлардың аса қауіпті ауруларының қолайсыз ошағы тіркелмеген. Аймақта 129 сібір жарасы көмінділері орналасқан, бүгінде бекітілген талапқа сай ол толық қоршалып, ескертпе белгілері қойылған. Аталған 129 нысанның бәрі «Жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастрлық картасына» енгізілген. Сондай-ақ, адам мен жануарға ортақ аурулардың алдын алуда сапалы жұмыстар атқарылып, нәтижесінде ауру ошақтары азайған. Бүгінгі таңға облыс аумағында эпизоотиялық ахуал тұрақты және үнемі бақылауда.
Жиында ветеринария саласының дамуына үлес қосып, еселі еңбек етіп жүрген бір топ қызметкерге құрмет көрсетілді. Мәселен, облыстық аумақтық инспекциясының тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі бөлімінің бас маманы Гүлзира Дәулетбекқызына «Еңбек ардагері» медалі тапсырылса, тағы бір топ азамат облыс әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хатын иеленді. Сонымен қатар «Ветеринарияның құрметті қызметкері», «Еңбек адамы» медальдарын алғандар да бар.
Бұған қоса, ветеринариялық пункттері бар Ақсу, Алакөл, Ескелді, Қаратал, Кербұлақ, Көксу, Панфилов, Сарқан аудандары мен Текелі, Талдықорған қалаларындағы ветеринариялық станциясы мекемелеріне «Нива» маркалы 10 автокөліктің, Алакөл ауданына жылжымалы инсинератордың кілті табыс етілді.