Цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев Талғар трагедиясы төңірегінде айтылған «ботоферма» жайлы ақпараттың расталмағанын мәлімдеді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Бұған дейін Кибершабуылдарды талдау орталығы (ЦАРКА) Қазақстанда әлеуметтік желіде боттардың белсенділігі күрт артқанын мәлім еткен еді. Олардың айтуынша, TikTok желісінде «дүрбелең туғызуға бағытталған арнайы боттардың» әрекеті байқалған.
Министр үкіметтің көшпелі брифингі барысында осы жағдайға қатысты сұраққа жауап берді. Ол аталған мәселені TikTok компаниясының аймақтық директоры деңгейінде талқылағанын айтты.
«ЦАРКА жариялаған ақпаратты TikTok компаниясының өкілдерімен талқыладық. Аймақтық директор желідегі белсенді аккаунттардың бір-бірімен байланысы жоқ екенін және олардың әрекетінде үйлестірілген бот-белгілері байқалмағанын жеткізді», – деді министр.
Айта кетейік, 9 желтоқсанда Алматы облысы Талғар қаласының маңынан Шерзат Болаттың ағасы Нұрқанат Ғайыпбаевтың денесі табылған еді. Полиция марқұмның туысына жіберген хатын жариялап, өлім себебін суицид деп мәлімдеді.
Жерлеу рәсімінен кейін марқұмның әкесі ұсталып, 15 тәулікке қамауға алынды. Сонымен қатар сот Шерзаттың әпкелері мен өзге туыстарына да жаза тағайындады.
Бұған дейін Шерзат Болат әулетінің адвокаты Саида Тәуекелова Нұрқанат Ғайыпбаевтың қазасына қатысты тың мәліметті жария еткен.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

