Алматы облысының әкімдігі өңірдің барлық аумағын кешенді дамытуға ерекше көңіл бөлуде. Облыс құрамына тоғыз аудан кіреді Балқаш, Еңбекшіқазақ, Іле, Жамбыл, Қарасай, Райымбек, Кеген, Ұйғыр және Талғар аудандары. Бүгінде солардың ішінде ең қарқынды дамып келе жатқаны Талғар ауданы. Мұнда заманауи инженерлік инфрақұрылымды қажет ететін жаңа әлеуметтік және коммерциялық нысандардың құрылысы мен қайта жаңғырту жұмыстары белсенді жүріп жатыр, – деп хабарлайды Ertenmedia.kz Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
2025 жылы 13 елді мекенді газдандыруға бағытталған құрылыс-монтаж жұмыстары жалғасуда. Жобаларды жүзеге асыруға 11 млрд теңге бөлінді. Оның 250 млн теңге республикалық бюджеттен, 8,5 млрд – жергілікті бюджеттен, 2,2 млрд – «Самұрық-Қазына» қорынан.
Талғар ауданында Кіші Байсерке және Еламан ауылдарындағы екі нысан толық аяқталды. Сонымен бірге инвесторлар Нұра, Өстемір, Туғанбай, Қаратұған, Достық және Жаналық ауылдарын қамтитын 10 елді мекенді газдандыру жобаларын іске асыруда. Барлық жұмыстар 2026 жылдың соңына дейін аяқталуы жоспарланған.
2025 жылы электрмен қамтамасыз етудің 25 жобасына 6,7 млрд теңге бөлінді. Жұмыстар Іле, Жамбыл, Қарасай, Еңбекшіқазақ аудандарында, Алатау және Қонаев қалаларында жүргізілуде.
Талғар ауданында Қызылқайрат, Нұра, Кіші Байсерке, Амангелді, Гүлдала және Кендала елді мекендерінде алты жоба толық аяқталды.
398 км-ден астам электр желісі салынып, қайта жаңғыртылды, бұл 120 мыңнан астам тұрғынды тұрақты электрмен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ қосымша 1 185 км желіні және 871 трансформаторлық қосалқы станцияны жөндеп, инфрақұрылымның тозу деңгейін 72%-дан 66%-ға дейін төмендетті.
2025 жылы 43 сумен жабдықтау жобасы (оның 30-ы – 2024 жылдан өтпелі) және кәріз жүйелерін салу бойынша 20 жоба іске асуда. Жалпы қаржыландыру көлемі – 28,9 млрд теңге. Қаражат республикалық және жергілікті бюджеттерден, «Самұрық-Қазына» қорынан және арнайы мемлекеттік қордан бөлінген.
Сумен қамту желілерін салу және қайта жаңғырту бойынша жалпы құны 34 млрд теңгені құрайтын 18 жобалық-сметалық құжат (ПСД), ал кәріз желілері бойынша 1,4 млрд теңгеге екі ПСД әзірленді.
Талғар ауданының Орман ауылын қоса алғанда, 11 блок-модульді су тазарту станциясын орнату жоспарланған.
Жобалар іске асырылғаннан кейін 898 км инженерлік желі салынып, жаңғыртылады. Ауылдық елді мекендерде орталықтандырылған сумен қамту деңгейі 99,6%-ға жетеді деп күтілуде.
Талғар ауданында 441 көпқабатты үй бар. 2018–2024 жылдары оларды жылумен қамту үшін 38 блок-модульді қазандық орнатылды. Бұл 177 үйді тұрақты жылумен қамтамасыз етті. Қазандықтарды «Талғар Жылу» МКК басқарады.
2024 жылдан бастап 15 жаңа қазандық салу жобасы іске асырылуда. Биыл 1,7 млрд теңгеге тоғыз нысанның құрылысы аяқталып, 26 үй мен 1 630 тұрғын жылумен қамтамасыз етілді.
Қазіргі уақытта Талғар қаласында үш қазандық бойынша жұмыстар жалғасуда. Бір жоба 2026 жылға қаржыландыруға ұсынылды, тағы екеуі мемлекеттік сараптамадан өтуде. Қарабулак ауылындағы блок-модульді газ қазандығы бойынша құжаттар қайта өңделіп, сараптамаға жіберілді.
2025 жылы Алматы облысында инженерлік инфрақұрылым – электр, газ, су және жылумен қамту салаларында ауқымды жұмыс жүргізілді.
Барлық жобалар халықтың өмір сапасын жақсартуға, коммуналдық қызметтердің тұрақтылығы мен сенімділігін арттыруға, сондай-ақ инженерлік желілерді жаңғыртуға бағытталған.

