ҚР Энергетика вице-министрі Санжар Жәркешов Tallinna Masinatehas OU (Таллин машина жасау зауыты) компаниясының бас директоры Вадим Мартыновпен кездесті. Тараптар Қазақстанда ауа салқындатқыш аппараттар мен қаптамалы-құбырлы жылуалмастырғыштар өндіретін бірлескен инжинирингтік-өндірістік кәсіпорын құру мүмкіндіктерін талқылады.
Tallinna Masinatehas OU – Эстониядағы ең көне машина жасау кәсіпорындарының бірі. Қазіргі уақытта компания Балтық және Солтүстік өңірлерде жылуалмастырғыш жабдық өндіру бойынша көшбасшылардың қатарында.
Зауыт жоғары қысымда жұмыс істейтін, соның ішінде арнайы болат маркаларынан жасалатын жабдықты жобалау және өндіруде жоғары техникалық құзыретке ие.

Қазақстанда өндірісті жергілікті деңгейде жолға қою бастамасы мұнайхимия, мұнай-газ және агрохимия салаларында заманауи технологиялық жабдыққа деген сұраныстың артуына байланысты қолға алынып отыр.
Сонымен қатар, нарықты талдау тұрақты сұраныс бар екенін көрсетті және бұл отандық машина жасау секторын дамытуға қосымша мүмкіндік береді.
Тараптар әріптестікті нығайтуға ортақ қызығушылық танытып, мұндай ынтымақтастық өндірістік құзыреттерді кеңейтуге, өнеркәсіптік кооперацияны күшейтуге және жаңа жұмыс орындарын ашуға ықпал ететініне сенім білдірді.

