2025 жылғы 2–7 маусым аралығында Сәтбаев университеті Автоматика және ақпараттық технологиялар институтының Электроника, телекоммуникациялар және ғарыштық технологиялар кафедрасының қауымдастырылған профессоры, ИРН № AP19679041 гранттық жобасының жетекші ғылыми қызметкері Айнұр Құттыбаева Санкт-Петербург политехникалық университетіне (Ресей) жұмыс сапарымен барды.
Аталған жоба «Металл және бетон конструкцияларының кернеу күйін бақылауға арналған талшықты-оптикалық датчиктерді зерттеу және қолдану» (2023–2025 жж.) тақырыбында жүзеге асырылуда.
Сапар барысында Айнұр Құттыбаева Санкт-Петербург политехникалық университетінің Халықаралық білім беру бағдарламалары жоғары мектебінің директоры Виктор Белькомен, доцент Виктор Малюгинмен, профессор Дмитрий Кизеветтермен және университеттің ғылыми-зерттеу бөлімшелерінің өкілдерімен кездесулер өткізді. Сондай-ақ ол Перспективалық электр оқшаулау жүйелерінің ғылыми-инженерлік орталығында және суасты мұнай-газ өндіру саласына арналған импульстік технологиялар зертханасында болды.
Кездесу барысында гранттық жоба аясында талшықты-оптикалық технологияларды пайдалана отырып, жоғары жылдамдықтағы деформацияларды өлшеудің инновациялық әдістерін әзірлеуге бағытталған ғылыми ынтымақтастықтың перспективалары мен бірлескен жұмыстың ықтимал бағыттары талқыланды. Мұндай технологиялар инженерлік құрылымдардың сенімділігі мен қауіпсіздігін арттыруда маңызды рөл атқарады. Әсіресе оларды көпірлердің жай-күйін бақылау және ғарыш саласында қолдану мүмкіндіктері ерекше қызығушылық туғызды.
Сапар қорытындысы бойынша Санкт-Петербург политехникалық университетінің басшылығы Айнұр Құттыбаеваға ғылымды дамытуға және халықаралық академиялық ынтымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін алғыс хат табыс етті.
Бұл іссапар Сәтбаев университеті мен Санкт-Петербург политехникалық университеті арасындағы ғылыми ынтымақтастықты нығайтып, телекоммуникациялық технологиялар саласындағы халықаралық серіктестікті кеңейтуге мүмкіндік берді.