Алматыда жалған ақпарат таратты деген күдікпен 10 тәулікке қамалған блогер Әділетхан Молдаханның туыстары президент Тоқаевқа, Бас прокуратура мен Ішкі істерге ашық хат жолдап, әділ әрі объективті тергеу жүргізуді сұрады деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Үндеу авторларының айтуынша, блогер қазір Алматыдағы СИ-8 тергеу изоляторына ауыстырылып, арнайы сараптама нәтижесі 9 сәуірге дейін шығуы тиіс. Сараптама қорытындысы бойынша Әділетханның іс-әрекетінде қылмыс құрамы бар-жоғы анықталады.
«Біз Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігінен әділдікті талап етеміз. Мемлекеттік ұстанымға қайшы пікір білдіргені үшін ғана оны жалған ақпарат таратушы қылмыскер ретінде соттап жіберуге жол берілмеуі керек. Менің бауырым жауапкершілікті терең сезінетін адам. Ол миллиондаған аудиториясы бар блогер ретінде ешқашан тексерілмеген мәліметтерді таратып, көпшілікті адастырған емес», – делінген хатта.
Туыстарының сөзінше, Әділетхан бұрын полиция қызметкері болған әрі заңгерлік білімі бар, сондықтан жалған ақпарат таратудың заңдық жауапкершілігін жақсы түсінеді.
Блогерге қатысты іс ҚР Қылмыстық кодексінің 274-бабының 2-бөлігі, 3-тармағы («Бұқаралық ақпарат құралдарын немесе интернет желісін пайдалана отырып, жалған ақпарат тарату») бойынша тергелуі мүмкін. Бұл бап бойынша ірі көлемде айыппұл немесе үш жылға дейін бас бостандығын шектеу не айыру жазасы қарастырылған.
«Біз бауырымызды билік блогерлерге ескерту жасау үшін жазалайтын «тәжірибелік қоянға» айналдырады ма деп қорқамыз. Осылайша, басқа пікір көшбасшыларына «Үкіметке қарсы сөз айтсаңдар, сендерді де түрмеге қамаймыз» дегенді көрсеткілері келеді ме деген қауіп бар. Осы он күнде тергеудің әділ және ашық өткенін қалаймыз», – дейді күдіктінің бауыры.
Хат соңында автор Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтан «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында Әділетханның ісін жеке бақылауға алуын сұрады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







