Журналист Асхат Ниязов YouTube-тегі «Прожарка» шоуында айтқан әзілі үшін заң алдында жауап беруі мүмкін, деп хабарлайды Ertenmedia.
Белгілі блогер Диас Құзайыров журналистің эфирдегі сөзін ұлттық бас киім тақияны қорлау және қазақ халқының ар-намысына тию деп бағалап, құқық қорғау органдарына шағым түсірді.
Әлемжеліде тараған видеода Асхат Ниязов тақия туралы «мүшесінде тақия ілініп тұр» деген мағынадағы дөрекі тіркес айтқан.
Блогердің пікірінше, тақия қазақ халқының ар-намысы мен абыройының символы саналатын ұлттық бас киім. Ал Ниязовтың айтқан сөзі қазақ ұлтының қадір-қасиетін әдейі кемсіту мақсатында айтылған.
Осы себепті блогер Құзайыров журналистің әрекеті ҚР Қылмыстық кодексінің 174-бабына («ұлтаралық алауыздықты қоздыру») сай келеді деп санайды.
Бұл бап бойынша 2 мыңнан 7 мың АЕК-ке дейін айыппұл салу немесе екі жылдан жеті жылға дейін бас бостандығынан шектеу не айыру қарастырылған.
Айта кетейік, аталған шығарылымға сонымен қатар режиссер Қанат Бейсекеев те қатысқан. Эфирде Қаңтар оқиғасына қатысты әжуалы пікір айтылып, қазақтілді қауымның ашу-ызасын туғызған болатын.