Таразда Алматы облысы, Іле ауданының мәслихат депутаты, белгілі заңгер Нұрлан Байғазиев белгісіз біреулердің шабуылына ұшырап, ауыр жарақатпен ауруханаға түсті.
Оқиға 2025 жылдың 13 мамыры күні кешкі уақытта болған, деп хабарлайды Ertenmedia.kz Taraznews-ке сілтеп.
Куәгерлердің айтуынша, депутат Байғазиев қаладағы «Ғибрат» кафесінде өз клиенттерімен кездесу өткізіп отырған кезде белгісіз біреу оған кенеттен шабуыл жасап, ауыр соққы жасаған.
Шабуыл жасаған адам кастет қолданған болуы мүмкін деген болжам айтылуда.
Алдын ала ақпаратқа сәйкес, Нұрлан Байғазиевтің миы шайқалып, бірнеше ауыр жарақат алған. Қазір депутат ауруханаға жатқызылып, шұғыл операцияға дайындық жүріп жатыр. Оқиғаның толық мән-жайы әзірше белгісіз. Полиция мен дәрігерлер ресми пікір бермей отыр.
Оқиға депутаттың полиция қызметкерлерін әшкерелеген әрекетінен кейін арада екі апта өткесін орын алып отыр.
28 сәуірде Байғазиев ювеналды полиция қызметкерлерінің 17 жастағы қызды тоқтатып, оны қызметтік көлікпен жеткізіп салуға ұсыныс жасағанын видеоға түсірген еді. Депутат бұл әрекеттің заңсыз екенін айтып, полицейлердің өкілеттігін асыра пайдаланғанын мәлімдеген болатын.
Видео қоғамда үлкен наразылық туғызып, нәтижесінде қызметтік тексеру жүргізіліп, кінәлі полицейлер жұмыстан қуылған. Әлеуметтік желі қолданушылары оқиғаның депутаттың бұған дейінгі полиция қызметкерлерін әшкерелеген ісімен тікелей байланысы болуы мүмкін деп топшылайды.