Түркістан облысының Сауран ауданынан Қожа Ахмет Ясауидің осы күнге дейін белгісіз болып келген хикметтері табылды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Ғалымдар табылған қолжазбаның 1834 жылы жазылғанын анықтады. Қазіргі уақытта бұл Қазақстандағы ең ескі әрі құнды қолжазба.
Тарихи жәдігер Түркістандағы «Әзірет Сұлтан» ұлттық тарихи-мәдени музейіне табысталды.
«Бастамаға мұрындық болған Сауран ауданының тұрғыны, ақсақал Еркін Сапаров. Ол аталмыш қолжазбаны туысы Әлімжан Рамазанұлының үйінен тапқан. Әулетте атадан балаға мұра ретінде сақталып келген жалпы саны 17 ескі қолжазба мен сирек кездесетін кітаптар музей қорына өткізілді», – дейді «Ясауитану» ғылыми орталығының басшысы Сайпулла Моллақанағатұлы.
Сол кітаптардың ішінен табылған сирек қолжазбаның бірі Ясауидің хикметтер жинағы. Ғалымдардың айтуынша, араб-парсы тілдерінде, шағатай дәстүрімен жазылған қолжазбада 120 хикмет бар. Оның 39-ы бұған дейін еш жерде кездеспеген жаңа хикметтер болып шықты.
«Қолжазбаның мұқабасы мөрмен безендірілген, ал парақтары қалың әрі сапалы қағаздан жасалған», – дейді орталық басшысы.
Қазіргі уақытта «Ясауитану» орталығында 25 ескі кітап, «Диуани хикметтің» 30-дан астам данасы және Қожа Ахмет Ясауидің өмірі мен мұрасына қатысты басқа да құнды материалдар сақтаулы тұр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







