Ташкентте өткен баспасөз мәжілісінде Иранның Өзбекстандағы елшісі Мохаммад Әли Искандари АҚШ пен Израильді қатаң сынап, Тегеранның әрекеттері мен саяси жүйесін қорғап сөйледі деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
«Біз АҚШ-пен де, Израильмен де соғысып жатқан жоқпыз. Біз әлемді өз меншігі санайтын, агрессиялық көзқараспен күрес жүргізудеміз», – деді Искандари.
Елші соғыс басталған уақытта дипломатиялық келіссөздер әлі жалғасып жатқанын айтып, қақтығысты Иранның бастамағанын ерекше атап өтті.
«Бұл соғыс келіссөз үстінде басталды. АҚШ Израильге қырық жыл бойы осы қақтығысқа дайындалуға көмектескен», – деді ол.
Елшінің пікірінше, Иранның Жоғарғы басшысына жасалған шабуыл дипломатиялық үдерістерге нұқсан келтіріп, халықаралық құқықты өрескел бұзған. «Бұл ма, бұл дереу қауіптің алдын алу емес, Нетаньяхудың жеке амбициясын қанағаттандыру үшін жасалған қылмыс», – деді ол.
Ең ірі қанды қырғын…
Искандари сондай-ақ жуырда Иранда 7-12 жас аралығындағы 168 қыз баланың қаза тапқанын, мұны «мектеп оқушыларына қарсы тарихтағы ең ірі қырғындардың бірі» деп атады. «Осы бір сұмдық оқиға Батыс медиасының үнсіздігімен орын алды», – деді елші.
Дипломат Тегеранның әскери әрекеттері тек АҚШ пен Израильдің әскери базалары мен барлау орталықтарына бағытталғанын жеткізіп, көршілес Парсы шығанағы елдерімен қарым-қатынасқа нұқсан келмейтінін мәлімдеді.
«Біз Парсы шығанағындағы елдерді жау көрмейміз, олар бізге әрқашан дос болып қала береді», – деді Искандари. Елші сондай-ақ Иранның соғыста ешбір сыртқы көмек сұрамағанын, сұрамайтынын да атап өтті.
Иранның ішкі саясатына да тоқталған дипломат ел ішінде халықтың наразылық білдіруіне ешбір шектеу жоқтығын, оны Конституцияның өзі қорғайтынын жеткізді. «Иран аймақтағы ең демократиялық елдердің бірі. Үкіметке қарсылық білдіру бізде қалыпты құбылыс», – деді ол.
Сөз соңында Искандари халықаралық тұрақтылық мемлекеттердің егемендігін құрметтеп, халықаралық құқықты сақтауға байланысты екенін атап өтті.
Иранда не болып жатыр? Бұған дейн біз президент Трамп Иранға қарсы әскери соққыны соңғы сәтке дейін құпия ұстап келгенін жазған едік.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







