Жақында Иманғали Тасмағамбетов қазақ тілінде сөз сөйлегенде шешендік сайысқа түскендей әсер қалдырды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Танымал журналист Нұрлан Жұмаханның пайымдауынша, бұл кездейсоқ емес, керісінше, саяси элитаның тіл таңдау стратегиясындағы қателіктің айқын мысалы.
Қазақша сөз алған саясаткерлердің үнемі көне сөздер мен мақал-мәтелдерге сүйеніп, ауыз әдебиетінің дәстүрлі форматына жүгінуі ішкі бір комплекстің көрінісі болуы мүмкін дейді автор.
«Бүгінгі саясаткердің тілі қарапайым, әрі нақты болғанда ғана халыққа өтімді. Көркем сөйлеу халыққа жақындаудың кепілі емес. Тіпті, мұндай стиль қазір – қысқа әрі нұсқа TikTok заманының талаптарына сәйкес келмейді. Имекеңнің сөзі көркем әрі әдеби жағынан мінсіз болса да, ол бүгінгі қоғамның прагматикалық талаптарына жауап бере алған жоқ», – дейді журналист.
Автор саяси коммуникацияның басты мақсаты халықпен тікелей әрі шынайы диалог орнату деп есептейді. Мысал ретінде Дональд Трамптың қарапайым, ықшам әрі эмоционалды айқын стилін алға тартады. Оның қысқа, әрі түсінікті сөздері халықпен тез байланыс орнатып, саяси жетістік әкелгені белгілі.
«Ал Тасмағамбетовтың сөзінде қарапайым халықпен байланыстыратын көпір емес, керісінше, екі арада жатқан терең тарихи құз сезілді. Әдемі сөйлеуге тырысқанымен, негізгі идея көркем сөздің көлеңкесінде қалып қойды», – деп атап өтті автор.
Халық Имекеңнен не күтеді?
Журналистің пікірінше, халық саясаткерден нақтылық пен шынайылық күтеді. Әрбір сөз бен сөйлем саясаткер мен қоғамды жалғайтын құрал. Бірақ осы жолы Имекең өзіне қатысты сын мен күмәнға, «Иванғали» деп мысқылдайтын пікірлерге де назар аударып, өзіне эмоционалдық қысым жасағандай әсер қалдырғанын жасырмайды.
«Иманғали Тасмағамбетов сөзінің салмағы бар тұлға. Оның интеллектуалдық деңгейіне күмән жоқ. Бірақ саяси коммуникацияда бүгінгі халықтың тілін дәл тауып, қысқа әрі нақты сөйлеу маңызды. Халыққа жақын болудың жолы көркем әдебиетте емес, қарапайым әрі ашық ақиқатта жатыр», – деп түйіндейді автор.
Бұған дейін Тасмағамбетов өзін «орысшыл», «ресейшіл» деп қаралаған қауымға эмоциямен жауап қатқан еді.

