Алматы – Бішкек тасжолында ауыр жол апаты болып, алты адам қаза тапты, деп хабарлайды Ertenmedia.
Алматы облыстық полиция департаментінің дерегінше, қайғылы оқиға 24 қараша күні түнгі уақытта, тасжолдың 65-шақырымында болған.
Audi маркалы көлікті жүргізген 23 жастағы азамат рөлге ие бола алмай, қарсы жолаққа шығып кеткен. Салдарынан Audi мен Toyota көліктері қатты соқтығысқан.
Апат салдарынан екі жүргізуші мен үш жолаушы сол жерде жан тапсырды. Тағы бір адам ауыр жарақатпен ауруханаға жеткізілгенімен, дәрігерлер оның өміріне араша түсе алмады.
Оқиға кезінде жарақат алған бес жолаушы ауруханаға жатқызылып, дәрігерлердің бақылауына алынды.
«Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайын жан-жақты анықтау үшін тергеу жұмыстары жүріп жатыр. Тергеу барысы Алматы облыстық полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауына алынды», – делінген хабарламада.

