Ресейдің «Татнефть» компаниясы Қазақстанның мұнай-химия саласындағы ірі жобадан күтпеген жерден бас тартты деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Құны 1 миллиард долларға жуықтайтын «Бутадиен» жобасы Атырау облысында жүзеге асуы тиіс еді.
Ресейлік компанияның жобадан шығатыны туралы ақпаратты Қазақстанның мұнай-газ кеңесі – PetroCouncil қауымдастығы ресми түрде растады. Бастапқыда жоба еліміздің жоғары технологиялық мұнай-химия өнеркәсібінің беткеұстар бастамасы саналған.
«Бутадиеннің» басты мақсаты шиналар өндірісіне, жол құрылысы мен пластик өнімдеріне қажет бутадиен негізіндегі өнімдерді шығаруды көздеген. Зауыт жылына 186 мың тонна өнім өндіруі тиіс еді.
Атап айтқанда, кешен жыл сайын шиналар мен резеңке бұйымдарын жасауға қажетті 60 мың тонна дивинилстиролды синтетикалық каучук (ДССК), жол құрылысы мен пластикке арналған 40 мың тонна стирол-бутадиен-стирол каучугын (СБС) және бензиннің сапасын жақсартатын жоғары октанды метил-трет-бутил эфирін шығару жоспарланған болатын.
«Бутадиен» туралы не белгілі?
«Бутадиен» бірлескен кәсіпорны 2021 жылы Қазақстандық «ҚазМұнайГаз» бен Ресейдің «Татнефть» компаниясы арасында құрылған.
2025 жылғы үлес бойынша «Татнефть» – 75%, Қазақстан тарапы – 25% иеленген. Жоспар бойынша кәсіпорын Атыраудағы арнайы экономикалық аймақ Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркінде биыл іске қосылуы тиіс-тін. Жобаның шикізаты «Теңізшевройл» компаниясы басқаратын Теңіз және Королев кен орындарынан алынуы керек болған.
Дайын өнімнің негізгі бөлігі «Татнефть» пен Allur компаниясына тиесілі Tengri Tyres шиналар зауытына, қалғаны Ресей, Еуропа, Қытай мен Түркия нарығына экспортталуы көзделген.
Енді не болады?
2025 жылдың шілдесінде жоба бойынша инвестициялық шешім толық бекітіліп, желтоқсанда құрылысты бастайтын бас мердігер анықталуы тиіс еді. Енді стратегиялық әріптес саналатын «Татнефть» жобадан шығып кетуіне байланысты жоспар қайта қаралып, іске асыру мерзімі мен форматы өзгеруі мүмкін.
Жобаға «Татнефть» орнына Samruk-Kazyna Ondeu мен «Қазатомөнеркәсіп» бірлесіп құрған SSAP компаниясы қосылды. Енді «Бутадиен» кәсіпорнының үлесі толықтай өзімізге SSAP пен Samruk-Kazyna Ondeu қолына өтті.
Айта кетелік, Ресейдің еліміздегі битум өндірісіндегі үлесі де азайып барады. Бұл бағытта Үкімет отандық компанияға сеніп артып отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

