Алматы әкімі Ерболат Досаев Бостандық ауданы тұрғындарымен кездесу барысында Ерменсай шағын ауданында көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысына қатысты сұрақтарға жауап берді, — деп хабарлайды Ertenmedia.kz
Алматы әкімі таулы аймақта құрылысқа рұқсат бермегені үшін жауы көбейгенін айтты.
«Белгілі бір ауданда тұрғын үй кешендерінің құрылысына мораторий енгізу заң жүзінде мүмкін емес. Бірақ біз бұл мәселені реттеп отырмыз. Соңғы бірнеше жылда қанша жобаны мақұлдаудан бас тартқанымызды елестете де алмайсыздар. Қалада менің таулы аймақта құрылыс жүргізуге рұқсат бермегенім үшін жауым көбейді», – деді Ерболат Досаев.
Сонымен қатар, заңдағы олқылық құрылыс компанияларына жеке тұрғын үйге арналған жерлерге аз қабатты кешендер салуға мүмкіндік беріп отыр.
«Біз заңнаманы жетілдіру бойынша ұсыныстар енгіздік және өз тарапымыздан құрылыс ережесін қатаңдаттық. Қазіргі уақытта бұл ереже тау бөктерін тегістеуге, таулы аймақтағы жоталар жолағында, соның ішінде еңісі 15 градустан жоғары жерлерде құрылыс жүргізуге тыйым салады», – деді Алматы әкімі.